«Ауыл» партиясы Шығыс Қазақстанда аграрлық ғылым мен отандық тұқым мәселесін көтерді
Қайрат Айтуғанов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық тұқым шаруашылығы мен аграрлық ғылымның маңызына тоқталды
Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС ұжымымен жүздесті. Жиынға аграрлық сала мамандары, ғылыми қауымдастық өкілдері және кандидаттар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуде отандық аграрлық ғылымды дамыту, селекциялық әлеуетті күшейту және ауыл шаруашылығын сапалы отандық тұқыммен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар импорттық тұқымға тәуелділікті азайту жолдары қарастырылды. Қатысушылар аграрлық ғылымды ұзақ мерзімді қаржыландыру, тәжірибелік шаруашылықтарды жаңғырту, цифрлық агротехнологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстарын айтты.
Қайрат Айтуғанов азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық тұқым шаруашылығы мен аграрлық ғылымның маңызына тоқталды. Кездесу соңында отандық тұқым өндірісін дамыту, аграрлық ғылымды тұрақты қаржыландыру, цифрлық технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау бағыттары бойынша ұсыныстар әзірленді.
Сондай-ақ кандидаттар кәсіпорынның ғылыми-өндірістік базасымен танысып, селекциялық жұмыстар мен тұқым өндіру технологияларының нәтижелерін көрді.