Саябақтағы кездесу: «Әділет» партиясы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады
Құрылтайға үміткерлер халықтың ұсыныстарына құлақ асты
«Әділет» партиясы Орталық саябақта халықпен бетпе-бет кездесіп үгіт-насихат іс-шараларын жүргізді. Қала тұрғындары көкейкесті мәселелерін саяси партия өкілдеріне тікелей қоюға мүмкіндік алды. Сондай-ақ олардың ұсыныс-тілектері де назардан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көшпелі шеруде Құрылтайға «Әділет» партиясы атынан үміткерлер, «Жастар рухы» қанатының мүшелері түсіндіріу жұмысына белсенді атсалысты.

«Әділет» партиясы жанындағы Жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағзұм Арсланбек жылжымалы штаб адам көп шоғырланған орынды мақсатты түрде таңдағанын айтты.
«Осы жерде «Әділет» партиясының мүшелерімен қатар жастар қанаты да түгелдей жүр. Орталық саябақта қала тұрғындарына өзіміздің сайлауалды бағдарламамызды түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындармен сұхбаттасып, қандай да бір ой-пікірлері болса, бәрін жазып, түртіп алдық. Ертең партия басшылығымен бірге сол тиімді идеяларды талқылаймыз. Басты мақсатымыз - бағдарламамызды әрбір қала тұрғынына түсіндіру, әрбір тұрғынға жеткізу. Сондай-ақ, қала тұрғындары Құрылтайға үміткерлермен тікелей сөйлесіп, жақын танысса деген ниетіміз бар. Осы сияқты үгіт-насихат жұмысы бізде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда қала аумағындағы мұндай көптеген қоғамдық орында, саябақтарда және үлкен сауда орталықтарында осындай шаралар өтіп жатыр», - деді Мағзұм Арсланбек.
Оның айтуынша, Астана қалалық штабы қаладағы көптеген ұйыммен және жастармен кездесулер өткізіп жатыр.
«Осы ашық шаралар біздің бекітілген жоспарымыз бен кестемізге сәйкес өз ретімен жүзеге асуда, сондықтан бүгін де жастармен бірге осы жұмыстарды атқарып жатырмыз», - деді ол.
Ал Құрылтай депутаттығына үміткер Айсұлу Сүлейменова халықпен тікелей кездесіп, олардың ұсыныстарын білу партия өкілдерінің басты мақсаты болып отырғанын жеткізді.

«Халықпен кездесіп, 23 тамызда өтетін сайлауға шақырып жатырмыз. Елге қызмет ету бәріміздің борышымыз, сол үшін де халықты сайлауға белсене қатысуға үгіттеп жүрміз. Мен өзімнің мамандығым IТ саласы болғандықтан, бірінші кезекте цифрландыру мәселесін көтеремін. Сондай-ақ, өзім мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, мұндай азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың кедергісіз сапалы білім алуына, баспаналы болуына және жұмысқа орналасуына жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді көтеремін», - деді Сүлейменова.
Орталық саябақта тынығып отырған қала тұрғыны Жанар Анарқызы елдегі барлық саяси өзгеріске белсенді түрде қатысып келе жатқанын жеткізді.
«Құрылтай сайлауында дауыс беруге міндетті түрде барамын. Отбасымызбен бірге мұндай іс-шаралардан қалмаймыз. Өз бастамамызбен сайлаудан қалмауға тырысамыз. Мен Астанада тұрмасам да, балаларыма Жетісайдан келіп отырмын. Өз өңірімде мұндай саяси өзгерістер кезінде белсендіміз», - деді ол.
«Әділет» партиясының жылжымалы шеруіне цифрлық партия өкілі робот та қатысты. Қала тұрғындары онымен суретке түсіп, қызығушылықтарын жасырмады. Сондай-ақ тұрғындар Құрылтай кандидаттарына тікелей ұсныстарын жеткіза алды.

Ал «Әділет» партиясының сайты арқылы кандидаттарға 20 мыңнан астам өтініш келіп үлгерген.
Өзін цифрлық деп атаған партияның сайлауалды бағдарламасында кем дегенде 5 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеуге үйрету, ЖИ және deeptech саласында 100 мың маман даярлау, ЖИ-университетті дамыту және жаңа технологияларды мемлекеттік басқаруға, медицинаға, ауыл шаруашылығына әрі басқа да салаларға енгізу бастамалары бар.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі. «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров