Қазақстанның AI амбициясы: ұлттық стратегиядан жаһандық көшбасшылыққа дейінгі жолы қандай
Еліміз жасанды интеллектіні дамытуда жан-жақты саясатты ұстанып отыр
Қазақстанның жасанды интеллект саясаты 2026 жылдың шілде айында бірнеше маңызды кезеңмен есте қалды. Бір ай ішінде ел қатарынан үш деңгейде ұлттық, өңірлік және жаһандық тұрғыда өз позициясын нығайтты. Ол Шанхайдағы инвестициялық келісімдерден бастап, Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) құрылтайшысы болуға дейін жалғасты. Бұл Қазақстанның ЖИ саласындағы саясаты енді тек ішкі цифрландыру бастамасы емес, сыртқы саясаттың толыққанды құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин мемлекет пен отандық IT-бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықсыз цифрлық экономиканың дамымайтынын атап көрсетті.
Ал жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Халықаралық электр байланысы одағының шақыруымен құрылған AI for Good Global Commission жаһандық комиссиясының құрылтайшылары қатарына қосылды. Комиссия құрамында Руанда президенті Поль Кагаме, Salesforce негізін қалаушысы Марк Бениофф, Microsoft бас директоры Брэд Смит, NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг, Amazon бас директоры Энди Джесси, Anthropic бас директоры Джек Кларк және басқа да 40-тан астам әлемдік көшбасшы бар. Комиссияның негізгі бағыттары – сенімді ЖИ дамыту, цифрлық теңсіздікті қысқарту және технологияларға қолжетімділікті кеңейту.
Бұл Қазақстанның жаһандық ЖИ басқару жүйесінің қалыптасу үдерісіне ерте кезеңде қосылғанын білдіреді. Мұндай комиссияларға мүшелік елдің техникалық мүмкіндігінен гөрі оның саяси капиталы мен дипломатиялық белсенділігін көрсетеді әрі Қазақстан бұл жерде технологияны тұтынушы емес, ережелерді әзірлеуге қатысушы ретінде көрінуге тырысады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға сапары аясында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды. Олардың қатарында стратегиялық маңызды бастамалар бар: Freedom Holding Corp. мен Huida Tech арасындағы меморандум, BYD компаниясымен қазақ тілін қолдайтын AI-ассистент әзірлеу жобасы, Astana Hub, Alibaba Cloud және Khan Tengri Innovation Hub арасындағы стартап-экожүйені дамыту келісімі (оның ішінде QWEN AI моделін интеграциялау), Маңғыстау облысында 200 МВт қуатты жаңартылатын энергия жобасы, сондай-ақ Astana IT University мен UBTECH Robotics арасындағы робототехника саласындағы меморандум.
Бұл келісімдер топтамасы бір заңдылықты көрсетеді. Қазақстан ЖИ инфрақұрылымын дербес емес, ірі технологиялық державалармен, ең алдымен Қытаймен серіктестік арқылы құруды таңдап отыр. Энергетика, есептеу қуаты, тіл моделі және білім беру төрт бағыттың барлығы бір мезгілде дамытылып жатыр, бұл кешенді тәсілді көрсетеді.
Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу салтанатына қатысқан Тоқаев сөз сөйлеп, Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының (WAICO) құрылуын тарихи оқиға деп бағалады. Президент БҰҰ деректеріне сүйене отырып, ЖИ инфрақұрылымына салынатын инвестициялардың жылына орта есеппен 47 пайызға өсіп келе жатқанын және 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының шамамен 5 триллион долларға жетуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пайымынша, ЖИ басқаруы жартылай өткізгіштерден бастап этика мен білім берудегі мәселелерге дейінгі кең ауқымды қамтуы керек, ал бұл халықаралық сенім тапшылығы мен геосаяси шиеленіс жағдайында жүзеге асырылып жатыр.
Тоқаев сондай-ақ ешбір ел ЖИ-ді тек тұтынумен шектелмеуі керек екенін, әр мемлекеттің адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту мүмкіндігі болуы тиіс екенін айтты. Осы логиканың жалғасы ретінде ол WAICO-ның Орталық Азиядағы өкілдігін Астанада ашуды және ұйымның алғашқы отырысын елімізде өткізуді ұсынды. Нәтижесінде Қазақстан 29 елдің қатарында WAICO-ның құрылтайшы мемлекеті мәртебесін алды оған премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев қол қойды, ал салтанатты рәсімге БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш қатысты.
Соңғы бір айда болған оқиғаларды жинақтасақ, Қазақстанның ЖИ саясаты үш бағытта бір мезгілде дамып отырғанын көруге болады.
- Институционалдық негіз ішкі заңнама, кадр даярлау және мемлекеттік-жекешелік диалог арқылы.
- Технологиялық серіктестік негізінен Қытаймен, инвестиция, инфрақұрылым және нақты өнімдер (тіл моделі, робототехника, бұлттық қызметтер) деңгейінде;
- Жаһандық басқаруға қатысу – AI for Good Global Commission және WAICO сияқты жаңа халықаралық институттардың құрылтайшысы болу арқылы.
Бұл үш бағыттың қатар жүруі кездейсоқтық емес. Қазақстан AI-native nation қағидатын ұстанып, ЖИ-ді мемлекеттік басқарудың, экономиканың, білім мен өнеркәсіптің технологиялық негізіне айналдыруды мақсат етіп отыр. Астананың WAICO өкілдігі мен алғашқы отырысын өткізуге үміткер болуы елдің тек технология тұтынушысы емес, өңірлік және жаһандық деңгейде ережелер мен алаңдар қалыптастырушы ретінде танылғысы келетінінің дәлелі. Дегенмен бұл мәртебенің іс жүзінде қаншалықты нәтиже беретіні WAICO мен AI for Good комиссиясының нақты жобаларды қалай жүзеге асыратынына, сондай-ақ Шанхайда қол қойылған келісімдердің қаншасы нақты іске асатынына байланысты болмақ.