Астанада ағылшын тілін білетін полицей нигериялық туристке көмек көрсетті (ВИДЕО)

Астанаға келген шетелдік туристерге тегін SIM-карта мен маршрут картасы ұсынылып жатыр

Астанада ағылшын тілін білетін полицей нигериялық туристке көмек көрсетті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астанаға келген шетелдік туристер енді тек қауіпсіздікпен ғана емес, жан-жақты қолдаумен де қамтылып жатыр. Туристік полиция қонақтарға қала бойынша бағыт-бағдар көрсетіп, маршрут картасы мен байланысқа арналған SIM-карталарды тегін ұсынып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана полициясының мәліметінше, Нигериядан келген туристке туристік полиция инспекторы Жеңіс Өнербек ағылшын тілінде толық ақпарат беріп, елорданың ең көрікті әрі маңызды нысандарын таныстырды. Қонақтарға қала ішінде еркін бағдар табу үшін қажетті бағыт-бағдар көрсетіліп, туристік маршрут картасы ұсынылды.

Сонымен қатар, туристердің сапарын жеңілдету мақсатында байланыста болу үшін арнайы SIM-карталар табысталды.

Айта кетейік, бұл көмек бір ғана туристпен шектелмейді. Туристік полиция қызметкерлері елордаға келген шетелдік қонақтарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, оларға туристік маршрут карталарын ұсынады және байланыста болу үшін SIM-карталар береді.

«Мұндай қарапайым, бірақ маңызды қолдау туристердің Астанаға деген алғашқы әсерін қалыптастырып, елордада өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік береді. Туристік полицияның басты мақсаты – шетелдік қонақтарға тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, елорданы танып-білуіне, қалада еркін қозғалуына және сапарын жайлы өткізуіне нақты көмек көрсету», – делінген ПД хабарламасында.