Бозымбаев: Коммуналдық саланы есептеу құралдарынсыз цифрландыру мүмкін емес

Тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр

Бозымбаев: Коммуналдық саланы есептеу құралдарынсыз цифрландыру мүмкін емес
Фото: Үкімет

Үкімет отырысында  премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысында басты назар аударуды талап ететін үш маңызды мәселеге тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта өңірлердің көпшілігінде жөндеу жұмысы басталып кеткен. Осыған байланысты вице-премьер әкімдіктерге бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Баяндамада көрсетілген әкімдіктер осы жылғы жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауға алуы және жөндеу жұмысының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар, 2027 жылға арналған барлық өңірлік жоба бойынша алдын ала дайындау жұмысын пысықтап, сәйкесінше шаралар қабылдауы қажет», – деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар, ол коммуналдық секторды цифрландырудың негізгі шартын атап өтті.

«Тұтынушыларды есепке алу құралдарымен толық жабдықтамай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері әкімдіктермен бірлесіп тез арада әрбір өңір бойынша есепке алу аспаптарын орнату қажеттілігін айқындауы тиіс. Әрі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп осы жобаларды іске асыру бойынша 2029 жылға дейінгі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуі қажет», – деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.

Үшінші маңызды міндет – тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімдерін жеңілдету.

«Коммуналдық төлемдерді өтеу бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сол себепті, процестерді толық автоматтандыру мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп бірыңғай есеп айырысу орталықтарының мемлекеттік ақпараттық жүйелермен тиісті интеграцияларын қысқа мерзімде қамтамасыз етуі қажет», – деді ол.