Жаңаөзенде аурухананың екі төсегін 210 млн теңгеге сатып алған: әкімнің экс-орынбасары тергеліп жатыр

Өңірде күйік бөлімшесін ашу үшін «ӨзенМұнайГаз» АҚ тарапынан 223 млн теңге бөлінген

Жаңаөзенде аурухананың екі төсегін 210 млн теңгеге сатып алған: әкімнің экс-орынбасары тергеліп жатыр
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражаттың жымқырылғаны анықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылы Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы өңірде күйік бөлімшесін ашу үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-дан демеушілік көмек сұраған. Осы мақсатқа 223 млн теңге бөлініп, қаражат «ӨзенМұнайГаз» АҚ тарапынан «Жарылқау» қоғамдық қорына берілген.

Алайда жоба бастапқы жоспарға сәйкес жүзеге аспаған. Алғашқы келісім бойынша бөлінген қаржыға медициналық жабдықтың сегіз түрін алып, осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру жоспарланған. Кейін жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты бөлімшені толық жарақтандыру туралы жоспардан бас тартылған. Оның орнына «Жарылқау» қоғамдық қоры, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалып, күйікпен түскен науқастарға арнап екі-ақ кереует сатып алу туралы шешім қабылданған. Бұл кереуеттердің жалпы құны 210 млн теңгені құраған.

«Тергеу дерегінше, заңсыз іске қалалық аурухана директоры орынбасарының, «Жарылқау» қоғамдық қоры басшысының, Жаңаөзен қаласы әкімінің эксорынбасары және өнім берушінің қатысы бар. Жабдық сатып алуға небәрі 92 млн теңге жұмсалған. Тергеу нұсқасы бойынша, қалған қаражат үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, іске қатысушылар арасында бөлінген», – делінген ҚМА хабарламасында.

«AKBS Invest» ЖШС өкілі жымқырған ақшаға Астанадан пәтер сатып алып, оны таныстарының атына рәсімдеген.

«Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану дерегімен тергеу басталды. Үш күдікті қамауға алынды. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне, соның ішінде 3 пәтерге, 2 тұрғын үйге және автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп жазады агенттік.