Атыраудағы трагедия: Сұлтан Сәрсемәлиевтен 40 млн теңге өндірілді

Атырауда төрт адамнан тұратын отбасыны өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Атыраудағы трагедия: Сұлтан Сәрсемәлиевтен 40 млн теңге өндірілді
Фото: mgorod.kz

Атырауда қайынжұртын асқан қатыгездікпен өлтірген іс бойынша сот үкімі шықты. Қылмыс жасаған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылып, одан моральдық зиян үшін өтемақы өндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облысы соттарының ресми Telegram-арнасының мәліметінше, сотталушыға төрт адамды, оның ішінде дәрменсіз жағдайда болған бір адамды аса қатыгездікпен өлтіру, ұрлық жасау, жеке куәлікті ұрлау, ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы бірнеше рет аса ірі көлемде алаяқтық жасау және мал ұрлау баптары бойынша айып тағылған.

«Жәбірленушілердің пайдасына 40 млн теңге моральдық залал өтемақысы, мемлекеттік орган пайдасына заңсыз алынған жәрдемақылар мен зейнетақы төлемдері өндірілді», – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін Атырауда «қайын жұртын қырып тастаған» Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталғаны хабарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен болатын. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылған. 

Кейін Атыраудағы ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікпен олардың күйеу балалары Индонезияда қолға түскен болатын.

Атырау облысының прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев балдызы балдызы Наурыз Мұқанғалиевті мамырда, ал, қайын атасы мен қайын енесін және тағы бір балдызын қараша айында өлтірген.