Маңғыстауда жол апатынан төрт адамның қазасына себеп болған жүргізуші 5 жылға сотталды
Апат салдарынан жеңіл көліктің төрт жолаушысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрт адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың анықтауынша, жол апаты 2026 жылдың маусым айының басында Ақтау-Бейнеу автожолының 424-шақырымында болған. Сотталушы Toyota Camry автокөлігін жүргізіп келе жатып, жол қозғалысының қауіпсіз жылдамдығын сақтамаған, қауіпті жағдайдың алдын алу үшін қажетті шаралар қолданбаған. Соның салдарынан алдыңғы бағытта келе жатқан КамАЗ көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан жеңіл көліктің төрт жолаушысы ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Сот барысында айыпталушының кінәсі өзінің мойындауымен, тергеу материалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы жүргізушіні бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрады.
Жәбірленушілер сотта айыпталушыны кешіргендерін, оған материалдық және моральдық талап-шағымдары жоқ екенін айтып, жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін, ІІ топтағы мүгедектігі бар екенін және жәбірленушілердің талап-шағымдарының болмауын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.