Алакөл жағасында есінен танып қалған жас жігітті арнайы полиция жасағының қызметкері құтқарып қалды

Арнайы жедел қимыл жасағының аға инспекторы дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті

Алакөл жағасында есінен танып қалған жас жігітті арнайы полиция жасағының қызметкері құтқарып қалды
Фото: Polisia.kz

Абай облысы полиция департаментінің арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері Алакөл жағалауында кенеттен есінен танып қалған жас жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, демалыс орындарының бірінің маңын патрульдеу кезінде полицейлер өзін жайсыз сезінген жігітті байқап қалған. Оның жағдайы күрт нашарлап, тыныс алуы қиындай бастаған.

Осы сәтте Абай облысы полиция департаменті арнайы жедел қимыл жасағының аға инспекторы Асланбек Әбділдинов дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Оның жедел әрекетінің арқасында жас жігіт қайтадан тыныс ала бастады.

«Жарайсың, батырсың!» – деп қуанышын жасыра алмады тәртіп сақшысы жігіттің қайта тыныс алғанын көргенде.

Осыдан кейін ол зардап шегушіні қырынан жатқызып, жедел жәрдем келгенге дейін жағдайын бақылауда ұстады. Ал арнайы бөлімшенің басқа қызметкерлері медицина қызметкерлерін қарсы алып, оқиға орнына жылдам жолмен жеткізуге көмектесті.

Кейін жас жігіт дәрігерлерге тапсырылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы жақсы, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.