Жамбыл облысында мүгедек адамның «ақысын жеген» ер адам рақымшылыққа ілініп кетті

Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша айыпталған

Жамбыл облысында мүгедек адамның «ақысын жеген» ер адам рақымшылыққа ілініп кетті
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында мүгедек балаға арналған 5 млн теңге «қайтарымсыз несие» алып беремін деп ақша алған ер адам рақымшылыққа ілініп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жамбыл облысы соттарының мәліметінше, Жуалы аудандық соты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігі (алаяқтық) бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қазан айында сотталушы жәбірленушінің ұлының мүгедектігі бар екенін біле тұра, оның атына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз несие рәсімдеп беруге уәде еткен.

Жәбірленуші бұған келісіп, алдымен оған 50 мың теңге, кейін тағы 101 мың теңге берген. Алайда айыпталушы бұл қаражатты жеке қажетіне жұмсап, жәбірленушіге жалпы 151 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірген.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, келтірілген материалдық шығынды толық өтегенін мәлімдеді. Оның қорғаушысы соттан «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолдана отырып, істі тоқтатуды сұрады. Прокурор да рақымшылық қолдануға қарсылық білдірген жоқ.

Іс материалдарын зерделеген сот айыпталушының әрекеті онша ауыр емес қылмыстар санатына жататынын және заң бойынша мұндай жағдайда қылмыстық істі тоқтатуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Сот қаулысымен «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде қылмыстық іс өндірісі тоқтатылды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.