Қазақстанда әскери оқу-жаттығу өтеді: Қорғаныс министрлігі ескерту жасады

Бұл шара 29 маусым мен 2 шілде аралығында өтеді

Қазақстанда әскери оқу-жаттығу өтеді: Қорғаныс министрлігі ескерту жасады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ел аумағында ауқымды әскери шаралардың басталатынын хабарлады. Мекеме өкілдері азаматтарды жолдардағы уақытша шектеулер мен әскери техникалардың қозғалысына түсіністікпен қарауға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресми мәліметке сәйкес, 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде кешенді тактикалық-саптық сабақтар ұйымдастырылады. Шараның негізгі мақсаты — әскерлерді жоғары деңгейдегі жауынгерлік әзірлікке келтіру және жеке құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіру.

«Өткізілетін іс-шаралар жоспарлы оқу сипатында өтуде. Олар негізінен әскери бөлімдер мен оқу полигондарының аумағында ұйымдастырылады. Осыған байланысты әскери техникалардың қозғалысы байқалуы мүмкін», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Министрлік жекелеген бөлімшелердің оқу орталықтарына қарай жоспарлы марш жасайтынын ескертті. Осыған байланысты еліміздің кейбір өңірінде автожолдардың жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылуы ықтимал.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі еліміздің азаматтарын, әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздері таратқан мәліметтерге ғана сенуге және негізсіз қауесеттерді таратпауға шақырады.