29 маусым күні ауа райы қандай болады
Аптаның алғашқы күні еліміздің бір бөлігінде аптап ыстық сақталады
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылғы 29 маусым, дүйсенбіге арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Аптаның алғашқы күні еліміздің бір бөлігінде аптап ыстық сақталса, екінші бөлігінде жауын-шашын мен дауыл күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Болжамға сәйкес, дүйсенбіде Қазақстан аумағының басым бөлігінде найзағай ойнап, бұршақ жаууы және қатты дауыл тұруы ықтимал. Ал еліміздің батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерінде қатты нөсер жауын жауады деп күтілуде.
Синоптиктердің болжамынша, республика бойынша желдің күшеюі күтіледі. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл соғуы ықтимал. Ал елдің солтүстік-батысында түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, көріну қашықтығының төмендеуі болжанып отыр.
Елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы күрт көтеріледі. Күндіз Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Жетісу, Абай облыстарында және Қарағанды облысының орталығында сынап бағанасы +35...+38°C көрсетеді.
Ал кейбір өңірлерде өте қатты аптап ыстық күтіледі. Атап айтқанда, Жетісу облысының солтүстігінде, Қарағанды облысының қиыр оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының оңтүстік аймақтарында күннің ыстығы +40...+41°C-қа дейін жетеді.
Ауа райының құрғақ әрі ыстық болуына байланысты синоптиктер ел аумағында төтенше қауіп туралы ескертті. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының жекелеген аудандарында жоғары өрт қаупі күтіледі. Ал Жетісу, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау, Ұлытау және Абай облыстарының басым бөлігінде төтенше өрт қаупі жарияланды.