Алматы облысында алып ағаш екі көліктің үстіне құлады: зардап шеккендер бар

Оқиға кезінде өңірде қатты жел соғып тұрған

Алматы облысында алып ағаш екі көліктің үстіне құлады: зардап шеккендер бар
Фото: © istockphoto.com

Алматы облысында ауа райының қолайсыздығынан үлкен ағаш жолдағы екі жеңіл автокөліктің үстіне құлап, ішіндегі адамдар жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, оқиға Еңбекшіқазақ ауданында орын алған. Алып ағаштың құлауы Еңбек және Қырбалтабай ауылдарының арасындағы тасжол учаскесінде тіркелді.

Ақпарат келіп түсісімен оқиға орнына өңірлік ТЖД күштері мен техникасы шұғыл түрде жөнелтілді.

«Оқиға орнына жеткенде ағаштың құлауы салдарынан екі жеңіл автокөліктің зақымдалғаны анықталды. Зардап шеккен азаматтар жедел жәрдем бригадасымен медициналық мекемеге жеткізілді», — деп нақтылады мекеме өкілдері.

Куәгерлер түсірген кадрлардан төтенше жағдай өңірінде бірнеше көлік пен шұғыл қызмет өкілдерінің жұмыс істеп жатқанын көруге болады. Оқиға кезінде өңірде қатты жел соғып тұрған. Қазіргі уақытта зардап шеккендердің нақты саны мен жағдайы анықталып жатыр.