Жалпы ұзындығы – 26 шақырым: Қосшыда LRT инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқын алды
Сондай-ақ автотұрақтар мен жол өткелдерін көбейту қажеттігі айтылды
Ақмола облысы ішкі көші-қон мен урбанизация үдерісінің әсерінен бірқатар бағыт бойынша өзгерістерді бастан өткеріп отыр. Өңірдің орталық және елордаға жақын аумақтарында халық санының артуы байқалады. Әсіресе Қосшы қаласында кейінгі жылдары жаңа аудандар бой көтеріп, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Қала мен елорда арасындағы көлік ағыны да бірнеше есеге көбейген. Сол себепті өңірде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту мәселесі өзекті бағыттардың біріне айналды. Осыған байланысты жолдарды жаңарту, жаңа көлік бағыттарын іске қосу және коммуналдық жүйелерді жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгінде елорда агломерациясын дамыту аясында жеңіл рельсті көлік жүйесін Қосшыға дейін жеткізу жоспары қарастырылған. Мамандардың айтуынша, жоба жүзеге асса, Астана мен Қосшы арасындағы жол қатынасы әлдеқайда жеңілдеп, тұрғындардың жолға кететін уақыты қысқарады. Сонымен қатар жаңа көлік жүйесі экологиялық жүктемені азайтады, қоғамдық көліктің қолжетімділігі артады.
City Transportation Systems компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Абат Шыныбековтің айтуынша, Қосшы бағыты бойынша техникалық құжаттама дайындалып, алғашқы құрылыс жұмысты басталған.
«Екінші кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасы техникалық сараптамадан өткізілді. Бүгінде Қосшы бағытына арналған жобаның техникалық құжаттары дайын. Қазіргі уақытта Қосшыдағы алғашқы LRT бағаналарын орнату жұмысы басталды. Жобаның жалпы ұзындығы – 26 шақырым. 401-станса Қосшы қаласына кіреберістегі Республика даңғылының қиылысына дейін жеткізіледі. Сондықтан Қосшы тұрғындарын LRT жүйесімен толық қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта қаланың ішіндегі айналмалы бағыттарды да қарастыру қажет », – деді ол.
Өңір басшылығы да инфрақұрылымды дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жолдар мен көлік желілерін жаңғыртумен қатар, автотұрақтар мен жол өткелдерін көбейту қажеттігін атап өткен болатын.
Сондай-ақ облыста республикалық және облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысы ретімен жүріп жатыр. Елордаға жақын елді мекендерге апаратын тасжолдар жаңартылып, жаңа асфальт төселуде. Жол бойындағы жарықтандыру жүйелері орнатылып, қауіпсіздік инфрақұрылымы жақсарып келеді. Бұған қоса, өңірде инженерлік-коммуналдық жүйелерді жаңарту жұмысы қатар жүргізіліп жатыр. Су, электр және жылу желілерін жаңғырту жаңа тұрғын үйлер салуға және халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Әлеуметтік нысандар, мектептер мен медициналық мекемелердің құрылысы да өңірдің дамуына серпін береді.
Мамандардың пікірінше, Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы жылдары көлік жүйесінің жаңаруы мен жол сапасының жақсаруы облыстың инвестициялық тартымдылығын да күшейте түспек.