Ақтөбеде жаңа туған нәрестені шырылдаған қалпы пакетке салып, қоқыс жәшігіне тастап кеткен
Ақтөбеде қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылды
Ақтөбеде жаңа туған нәрестені шырылдаған қалпы қоқыс жәшігіне тастап кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Тургенев көшесінде болған. Қоқыс жәшіктерінің маңынан өтіп бара жатқан тұрғындар нәрестенің жылаған дауысын естіген. Белгілі болғандай, пакеттердің бірінің ішінде жаңа туған сәби жатқан.
«Криминальный Казахстан» Telegram арнасының мәліметінше, куәгерлер нәрестені қоқыс жәшігінен шығарып алып, полиция шақырған. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келген.
Ақтөбе облысының Полиция департаментінің мәліметінше, сәби дер кезінде медициналық мекемеге жеткізілген. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.
Қазір полицейлер баланың анасын анықтап, жаңа туған нәрестенің қоқыс жәшігіне қалай түскенін және оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.