Астанада бастауыш сынып мұғалімі 13,5 тонналық автобусты сүйреп, рекорд орнатты (ВИДЕО)
55 жастан асқан ұстаз бүгінге дейін Қазақстан, Азия, Еуропа және әлем чемпионы атанып үлгерді
Астанада бастауыш сынып ұстазы автобусты орнынан сүйреп, рекорд орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанова кезекті тарихи жетістікке қол жеткізді. 30 жылдан астам еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған ұстаз бұл жолы спорттағы ерекше күшімен әлем назарын аударды.
2023 жылдың тамыз айынан бастап поуэрлифтингпен айналыса бастаған Айгүл Тұрғамбайқызы аз уақыт ішінде Қазақстан, Азия, Еуропа және әлем чемпионы атанып үлгерді. Ауыр атлетикаға жақын бұл спорт түрінде табандылық пен зор күш қажет.
Айта кетерлігі, 2025 жылдың 5 қазанында, яғни Мұғалімдер күні қарсаңында ол 55 жастан асқан әйелдер арасында жалпы салмағы 8 тонна болатын екі жүк пикапын 58 метрге қолымен сүйреп апарып, әлемдік рекорд орнатқан еді.
Ал 2026 жылдың 24 мамырында елордалық ұстаз тағы да көпшілікті таңғалдырды. Мектеп бітіруші түлектерге арнап ұйымдастырылған арнайы шара барысында ол салмағы 13 500 келі болатын екі осьті Yutong City Bus автобусын 13 метрден астам жерге сүйреп, GBR (GLOBAL BEST of RECORDS) – THE WORLD BOOK OF RECORDS FOR ASIA AND AFRICA аясында жаңа әлемдік рекорд орнатты.
«Кәсіби педагогика мен спортты қатар алып жүрген Айгүл Тұрғамбайқызы – қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және ерік-жігердің жарқын үлгісі. Оның жетістігі тек шәкірттеріне ғана емес, күллі қазақстандықтарға шабыт сыйлайды», – дейді қалалық Білім басқармасы.