«Соңғы қоңырау»: Астана полициясы ата-аналарға маңызды үндеу жасады
Полиция қауіпсіздік ережелерін тізбектеп шықты
Астана қаласының Полиция департаменті «Соңғы қоңырау» мерекесі мен мектеп бітіру кештері қарсаңында түлектердің ата-аналары мен заңды өкілдеріне маңызды үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары оқу жылының аяқталуына, «Соңғы қоңырау» мен мектеп бітіру кештеріне арналған іс-шаралар кезінде балалардың қауіпсіздігін күшейтіп, оларды бақылауда ұстау қажеттігін еске салды.
«Кей жағдайда түлектер мерекені ауқымды атап өту үшін ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып көлік кортеждерін жасайтыны айтылды. Мұндай даңғаза форматта тойлау қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жолда апатты жағдайлардың туындауына және өзге де құқық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін. Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне заңды өкілдері жауапты екенін еске салды», – делінген қала әкімдігі хабарламасында.
Оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ата-аналар мынаны ескергені жөн:
- балаларының қайда жүргенін білу;
- кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу;
- балалармен қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізу;
- алкоголь ішудің, жолдағы қауіпті әрекеттердің және қауіп-қатері жоғары ойын-сауықтарға қатысудың салдары туралы ерекше түсіндіру жүргізу.
Полицейлер тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала тұрғындарының тыныштығын құрметтеуге және ауыр жағдайға жеткізуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырды.