Балқаш пен Үржарға – аптасына 7 рет: биыл туристік бағыттарға қосымша пойыздар мен рейстер ашылады
Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынайтын болады
Қазақстанда жаз мезгілінде жолаушылар сұранысының артуына байланысты Көлік министрлігі көлік компанияларымен бірлесіп, сұранысқа ие туристік бағыттар бойынша теміржол маршруттары мен әуе рейстерінің санын арттыратын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Теміржол тасымалы
Көлік министрлігінің мәліметінше, биыл жаз мезгілінде қосымша 15 теміржол маршруты ашылады. Қосымша пойыздар 16 маусымнан бастап қатынайтын болады.
«Бағыттар қатарында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан Достық пен Балқаш секілді туристік және курорттық аймақтарға қатынайтын пойыздар бар. Аталған шаралар жазғы кезеңде пойыздарда шамамен 550 мың қосымша орын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жолаушылар ағынының артуына қарай қолданыстағы пойыз құрамы кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады. Жазғы маусымда пойыз құрамдары орта есеппен 19-21 вагонға дейін көбейеді. Ал маусымаралық кезеңде бұл көрсеткіш 13-15 вагонды құрайды», – делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ 1 маусмнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша №219/220 жолаушылар пойызы іске қосылады.
Әуе тасымалы
Көлік министрлігі маусым-тамыз айлары аралығында Астана – Балқаш, Үржар, Үшарал және Алматы – Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттары бойынша аптасына 7 рейске дейін қосымша әуе рейстері ашылатынын хабарлады.
«Аталған бағыттар бойынша әуе билеттерінің құны әлеуметтік қолжетімді деңгейде сақталады — 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Бұл еліміздің туристік аймақтарында жазғы демалысты қолжетімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, 2026 жылы Қазақстанда аптасына 813 рейс жиілігімен 60 ішкі әуе бағыты бойынша тұрақты рейстер орындалады. Тұрақты әуе маршруттарын субсидиялау бағдарламасы аясында 24 бағытты, оның ішінде 16 туристік бағытты қолдауға 6,4 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған», – деп жазады министрлік.
Қабылданып жатқан шаралар ішкі туризмді дамытуға, өңірлердің көлік қолжетімділігін арттыруға және жазғы демалыс кезеңінде азаматтардың жайлы әрі қауіпсіз сапар жасауына қосымша мүмкіндік береді.