Астанада 18 жастағы жігіттің үйінен 500 түйіншек есірткі табылды (ВИДЕО)
Ол балмұздақ шәрбатының бос бөтелкесіне каннабис шайырын құйып алған
Астанада полиция қызметкерлері есірткі таратты деген күдікпен 18 жастағы жас жігітті қолға түсірді. Тінту барысында күдіктінің үйінен тыйым салынған заттардың үлкен қоры табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, асүйдегі шкафтардың ішінен электронды таразылар мен есірткіні қаптауға арналған құралдар табылған.
Сонымен қатар, балмұздақ шәрбатының бос бөтелкесінен өзіне тән иісі бар сары түсті сұйық зат табылды. Сараптама оның каннабис шайыры екенін көрсетті. Бұдан бөлек, сары түсті сұйық зат құйылған екі ыдыс тәркіленді, олардың ішінде гашиш майы болған.
Сондай-ақ түрлі түсті изолентамен оралған түйіншектері бар пластик ыдыс табылды. Оның ішіндегі өсімдік тектес заттың ерекше иісі болған. Жалпы саны шамамен 500 түйіншек гашиш тәркіленді.
«Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы бір келіден асты. Барлық тыйым салынған заттар алынды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткінің заңсыз айналымы қоғамға үлкен қауіп төндіретінін және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Азаматтарды есірткі тарату фактілері туралы «102» арнасы арқылы полицияға хабарлауға шақырады», – делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.