Астанадағы балалар ауруханасының жертөлесінде өрт шықты

Ауруханадағы науқастар мен қызметкерлер эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ

Астанадағы балалар ауруханасының жертөлесінде өрт шықты
Фото: ҚР ТЖМ

Астанадағы балалар ауруханасының ғимаратында өрт шықты. Оқиға орнындағы өртті елордалық ТЖД қызметкерлері жедел сөндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Сарайшық ауданында Қошқарбаев көшесі бойында орналасқан балалар ауруханасының жертөлесіндегі электр қалқанынан өрт шыққан. Хабарлама түскеннен кейін екі минут ішінде алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жетіп, бірден тілсіз жауды ауыздықтауға кіріскен.

«Қауіпсіздік мақсатында науқастар мен аурухана қызметкерлері эвакуацияланды. Адамдар жақын маңдағы медициналық мекемеге, сондай-ақ ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдар ұсынған автобустарға орналастырылды. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, жылыту пункті ұйымдастырылды», – деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.

Құтқарушылар 10 шаршы метр аумақты шарпыған өртті толық сөндірді. Зардап шеккендер жоқ. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.