«Адам ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірген»: БАӘ-де өмір бойына сотталған қазақстандық жайлы не белгілі

Іс бойынша апелляциялық шағым берілген

«Адам ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірген»: БАӘ-де өмір бойына сотталған қазақстандық жайлы не белгілі
Фото: Azattyq Ruhy

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жағдай бойынша қамауға алынған Қазақстан азаматына қатысты істен хабардар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Биыл Әмірліктердің құзырлы органдарынан алынған ресми ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 18 наурызда Дубай қаласының бірінші сатыдағы соты Қазақстан азаматын қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы мен айыппұл тағайындаған. БАӘ тарапының мәліметінше, аталған азамат 2025 жылы Біріккен Араб Әмірліктері құқық қорғау органдары қозғаған қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың бірі болған. Іс адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу секілді ауыр қылмыстарға қатысты», - деді Жетібаев.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іс бойынша апелляциялық шағым берілген. Осыған байланысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Мәселе ведомство мен Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі бақылауында тұр», - деді Ерлан Жетібаев.

Мақалада
#түрме #Дубай #БАӘ