ШҚО-да ер адам жұмыс істеп, жазасын өтеудің орнына түрмеге отыруды жөн көрген
Ол 16 сағат қоғамдық жұмыс істегеннен кейін өзін қамауға алуды сұраған
Шығыс Қазақстан облысында ер адам жазасын 16 сағат жұмыс істеп өтеудің орнына түрмеге отырып шығуды жөн көрген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам ШҚО бойынша ҚАЖД Үлбі аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған және оған алдын ала ескертілген: қоғамдық жұмыстардан жалтару неғұрлым қатаң жазаға әкеп соғады. Алайда, оның түзелуге деген талпынысы тек төрт күнге ғана жетті.
Сотталған азамат қоғамдық жұмыстардың тек 16 сағатын ғана өтеп, осы аралықта аумақты тазалаған, ары қарай еш себепсіз жұмысқа шықпай қойған.
Профилактикалық әңгімелесу кезінде ер адам пробация қызметінің мамандарына қоғамдық жұмыстарды жалғастырғысы келмейтінін айтып, орнына қамауға алуды сұраған.
Жүйелі түрде заң бұзғандықтан, пробация қызметі сотқа жазаны ауыстыру туралы ұсыныс жолдады.
«Қоғамдық жұмыс – бұл отбасының қасында қалуға, темір торға қамалмауға және қоғамға адамның түзелуге қабілетті екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндік адамның өз өмірін өзгертуге деген ықыласы болғанда ғана іске асады. Бұл жағдайда сотталған азамат бұл мүмкіндіктен өзі бас тартты», – делінген ШҚО ҚАЖД хабарламасында.