Еліміздегі әуежайларда жүк өңдеу процесіне жасанды интеллект енеді

Цифрлық платформаға Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 әуе тасымалдаушысы қосылған

Еліміздегі әуежайларда жүк өңдеу процесіне жасанды интеллект енеді
Фото: Үкімет

Бұл бастама IATA e-Freight халықаралық стандарты аясында авиациялық жүк логистикасын толық цифрландыруға бағытталған. Үкімет отырысында жоба туралы TransInfoTech компаниясының бас директоры Мәлік Бердіғалиев баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, жасанды интеллект құралдарын пайдалану коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізу уақытын айтарлықтай қысқартады. Бұрын бұл процедура шамамен 30 минутқа созылса, енді бірнеше секунд ішінде орындалады.

«Қазіргі таңда e-Freight бірыңғай платформасына Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 әуе тасымалдаушысы қосылған. Жүйе азаматтық авиация комитеті, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және ҰҚК Шекара қызметі үшін жүк ағынын үздіксіз бақылап, талдау жасауға мүмкіндік береді», - деді Мәлік Бердіғалиев.

Жоба аясында ветеринариялық бақылау жүйесі Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі ақпараттық базасымен толық интеграцияланған. Соның нәтижесінде ішкі жүк тасымалы электрондық авиациялық жүк құжаттарына көшірілді.

Қазір халықаралық бағыттар бойынша да цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, KEDEN кедендік ресімдеу жүйесімен интеграция аяқталуға жақын. Бұл тауарлар мен жүктердің келуі туралы алдын ала мәліметтерді толық электронды форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді.

Мәлік Бердіғалиевтің айтуынша, келесі кезеңде электрондық авиациялық жүк құжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде ресми құжат ретінде тану жоспарланып отыр. Бұл қағазсыз әрі толық автоматтандырылған кедендік рәсімдеуге жол ашып, халықаралық логистиканы жеделдетуге және Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.