Үкімет Таяу Шығыс бағытындағы туристік сапарларға уақытша шектеу енгізуі мүмкін
Қақтығыс аймағынан қазақстандықтарды алып қайту үшін 66 әуе рейсі ұйымдастырылған
Қазақстан азаматтарына қарулы қақтығыс өршіп, жағдай ушығып тұрған Таяу Шығыс аймақтарына баруға уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша, қауіпті аймақтан отандастарымызды жаппай эвакуациялау кезінде кейбір азаматтар соғыс жүріп жатқан елдерге баруын тоқтатпаған. Бұл мемлекеттік қызметтер мен эвакуациялық рейстерге қосымша салмақ түсірген.
Таяу Шығыстағы жағдай шиеленіскен сәттен бастап Қазақстан билігі өз азаматтарын қауіпсіз жерге шығару үшін жедел шаралар қабылдады. Мәселен, соғыс аймағынан қазақстандықтарды алып қайту үшін барлығы 66 әуе рейсі ұйымдастырылды. Оның ішінде 27 рейстің шығыны республикалық бюджет есебінен өтелген. Қалған рейстер коммерциялық негізде ұйымдастырылып, азаматтар билеттерді өз қаражатына сатып алған.
Мемлекет тарапынан эвакуациялау шаралары жүріп жатқан уақыттың өзінде, Алматыдан Дубай мен Шарджа бағыттарына тағы 191 Қазақстан азаматы шығып үлгерген.
Қазіргі жүйедегі олқылықтардың бірі ретінде ұйымдасқан туристерді қорғауға жауапты «Туристік Қамқор» қорының жұмысы аталды. Аталған қор эвакуацияланған 10 мыңнан астам азаматтың ішінде тек 3 мыңға жуық адамға ғана көмек көрсете алған. Салдарынан негізгі ауыртпалық мемлекетке және әуе компанияларына түсті.
Осыған байланысты Үкімет мұндай дағдарыстық жағдайларда әрекет ету жүйесін түбегейлі өзгертуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, сақтандыру тетіктері мен резервтік қорлардың қызметі қайта қаралатын болады. Сонымен қатар, төтенше жағдайларда әуетасымалдаушыларды жедел жұмылдыру тәртібі бекітіледі. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар кезінде арнайы пайдалану үшін мемлекет меншігіне арнайы ұшақтар сатып алу мүмкіндігі де зерделенетін болады.