Алматының тау туризмін дамытуға бизнес қолдау білдірді: кәсіпкерлер мегаполистің болашағына инвестиция салуға дайын
Қазір Қазақстанға келетін шетелдік туристердің жартысынан астамы Алматыға табан тірейді
Алматыда 12 мамыр күні қаланың жаңа даму кезеңіне серпін беруі мүмкін ауқымды кеңейтілген жиын өтті. Кездесуде бизнес өкілдері, туризм саласының мамандары, рестораторлар, туроператорлар, экология саласының сарапшылары мен спорт федерацияларының өкілдерін есепке алғанда 100-ден астам ықпалды тұлға бас қосты. Кездесу Almaty Superski және Алматы тау кластері ауқымды жобаларын қолдау мен дамыту тақырыбында өрбіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкер Асқар Байтасов өз сөзінде жобаның экономикалық және туристік өсімнің басты қозғаушы күшіне айналатынын айтып, ең маңыздысы қоғам, бизнес, мемлекет және жобаны жүзеге асырушылар арасында ортақ келісім болуы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жоба бүгінде Алматының экономикалық өсіміне серпін беретін ең қуатты құрал саналады.
Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев та Almaty Superski жобасы Алматы туризмін жаңа деңгейге көтеруі тиіс стратегиялық бастама екенін атап өтті.
«Біз жай ғана тау курортын салу туралы сөз қозғап отырған жоқпыз. Бұл – халықаралық деңгейдегі заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін туристік экожүйе құру жобасы. Қазақстан үшін бұл туристерді, инвестицияларды қызықтыруға және халықаралық спорт іс-шараларын өткізуге арналған жаңа орталық ретінде қалыптастыруға қажет мүмкіндік. Курорт аумағы жасына және физикалық мүмкіндігіне қарамастан әр адамға тиімді әрі жайлы болады», – деді Еркінбаев.

Бизнес бұл туралы қандай пікірде?
Алаңға танымал бизнес өкілдері мен блогерлер жиналды. Белгілі кәсіпкер, блогер әрі ALLOFF брендінің негізін қалаушы Бейбіт Әлібеков жобаның таныстырылымына жоғары баға беріп, оның қарапайым тұрғындар үшін маңызды тұстарына тоқталды.
«Жобаның мен үшін басты артықшылықтарының бірі – алматылық оқушылардың тау шаңғы спортымен шұғылдануына мүмкіндік жасалатыны. Қазір туризмді дамыту туралы көп айтылады, бірақ туристерге қажетті жағдай толығымен жасалмаған. Қонақүй орындарының тапшылығы артып келеді. Сондықтан Алматы әкімдігін осы мәселені ерекше назарға алуға шақырамын. Қалаға Экспо-орталығы да, 50-60 мың адамға арналған стадион да қажет. Бұл тау кластері біз үшін, балаларымыз үшін салынып жатыр. Алматы тұрғындары адаспай, жайлы әрі сапалы жағдайда демалып, Жаратқан сыйға берген табиғаттың игілігін көруі керек», – деді ол.
AB Restaurants мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Асқар Байтасов жобаны Алматы экономикасының өсіміне серпін беретін ең қуатты құрал деп атап, қоғам, бизнес, мемлекет пен жоба авторлары арасында ашық әрі тұрақты диалогтың маңызын айтты.
Chimbulak Development компаниясының бас директоры Ринат Абдрахманов әлемдегі 180-нен астам тау шаңғысы курортында болған маман ретінде ойын жеткізді. Оның пікірінше, бұл енді «қажет пе, жоқ па» деп талқылайтын мәселе емес, керісінше, уақыт күттірмейтін маңызды қажеттілікке айналып отыр. Ол қазіргі нысандардағы шамадан тыс туристік жүктемеге тоқталып, бірыңғай заманауи экожүйе қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Алматы тау кластері – халықаралық деңгейдегі заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін тау туризмі экожүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді жоба.
Жоба аясында қолданыстағы және жаңа курорттар біртұтас желі арқылы біріктіріледі. «Шымбұлақ» пен «Oi-Qaragai» курорттары Кіші Алматы шатқалындағы Қимасар, Бұтақты аңғарлары және «Pioneer» курорты арқылы аспалы жолдар мен тау шаңғысы тасжолдары арқылы байланысады. Almaty Superski аясында жаңа көтергіштер, түрлі деңгейдегі кең шаңғы тасжолдары, заманауи тау ауылы, хайкинг бағыттары, веложолдар және маунтинбайк инфрақұрылымы салынбақ.
Егер жоба толық көлемде жүзеге асса, 2028 жылға қарай шетелдік туристер саны қазіргі 600 мыңнан 2,5 миллион адамға дейін артуы мүмкін. Ал туризм саласындағы жұмыс орындарының саны шамамен 30 мыңға артып, 119 мың адамға дейін жетуі ықтимал.

Бұл неліктен маңызды?
Қазір Қазақстанға келетін шетелдік туристердің жартысынан астамы Алматыға табан тірейді. 2025 жылы туристер ағыны 2,5 миллион адамға жетіп, көрсетілген қызмет көлемі 110 миллиард теңгеден асты. Қолданыстағы инфрақұрылым шекті мүмкіндігімен жұмыс істеп тұр, ал туристердің шамадан тыс көбеюі бірқатар қиындық туғызып отыр.
Кеңеске қатысушылардың пікірінше, жаңа жобалар танымал туристік орындарға түсетін жүктемені азайтып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға, шағын және орта бизнеске қуатты серпін беруге, сондай-ақ Алматыны Орталық Азиядағы ірі тау туризмі орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.
Кеңестен кейін танымал блогерлер мен қоғам белсенділері жобаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік желілерде белсенді түрде жазбалар жариялай бастады.
Нақтырақ айтқанда, белгілі блогер әрі кездесудің модераторы Мақсат Қиқымов кең көлемді жазба жариялап, онда мағыналы диалог өткенін, бизнестің инвестиция салуға дайын екенін және Алматының Орталық Азияда жыл бойы жұмыс істейтін жетекші туристік орталықтардың біріне айналу әлеуеті зор екенін атап өтті.
Ықпалды блогерлер мен кәсіпкерлер тарапынан көрсетілген мұндай белсенді қолдау тау кластерін дамыту мәселесі қоғамның прогрессивті бөлігі арасында шынымен кең қолдау тапқанын көрсетеді.

Кәсіпкер Жұмагүл Тәжібекованың айтуынша, жоба ауқымы жағынан да, дайындық деңгейі жағынан да өте салмақты көрінеді және 2014-2018 жылдардағы нұсқалармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы әзірленген.
«Инфрақұрылымды дамытуға, қауіпсіздікке, кадр даярлауға (құтқарушылар, механиктер, инженерлер, сервис мамандары), сондай-ақ экологиялық мониторинг пен алдағы 10-20 жылға арналған ұзақмерзімді ғылыми зерттеулерге ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Аумақтарды игеру Іле-Алатауы ұлттық паркімен серіктестік аясында жергілікті және халықаралық сарапшыларды, экологтар мен ғылыми институттарды жұмылдыра отырып жүзеге асырылатыны маңызды. Алматыға мұндай жобалар қажет, әрі қазіргі уақытта экология, қауіпсіздік және тұрақты даму мәселелері басымдыққа ие болғаны қуантады. Барлық мәселе барынша ескеріліп, жобаның жүзеге асуы қалаға да, болашақ ұрпаққа да пайдасын әкеледі деп сенеміз», – деп жазды Тәжібекова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алматы кәсіпкерлері бұл жобаларды жай ғана қолдап отырған жоқ, олар оған атсалысуға дайын. Бірақ ол үшін ашықтық, экологиялық жауапкершілік және тұрғындардың пікірін шынайы ескеру маңызды екені де назардан тыс қалған жоқ.