«This is only the first step»: Елордада LRT желісі ресми түрде іске қосылды

Қоғамдық көлікті одан әрі дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезеңі іске асырыла бастады

«This is only the first step»: Елордада LRT желісі ресми түрде іске қосылды
Фото: Ақорда

Елордада жеңіл рельсті көліктің алғашқы желісі ресми түрде іске қосылды. Айтулы шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елорда келешекте Еуразияның көлік хабына айналуға тиіс екенін айтты. Осы ретте жаңа қоғамдық көлік жүйесін іске қосу рәсімінде Ппрезидентке арнайы сый-сияпат жасалды. Салтанатты сәтте Қасым-Жомарт Тоқаевқа 001 сериялы карта берілді.

Жаңа көліктің сапасын өз көзімен көрген Мемлекет басшысы LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы ретінде «Әуежай» станциясынан «Ұлттық музей» станциясына дейін жүрді.

Мұнымен қаланың көлік инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары тоқтап қалмайды. Қоғамдық көлікті одан әрі дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезеңі іске асырыла бастады.

Болашақта елорда мен оның маңындағы елді мекендерді байланыстыратын жаңа бағыттар бой көтереді. Атап айтқанда, «Астана-1» вокзалы, «Жағалау» шағын ауданы, Қосшы қаласы бағыты бойынша жаңа желінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 20 станциядан тұратын екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайды.

Президент қолға алынған ауқымды істің әлі де жалғасатынын айтып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

«This is only the first step! – Бұл жолдың басы ғана!» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания өкілдері мен CTS Transportation, Astana LRT жұмысшыларына сәттілік тілеп, жобаны одан әрі жалғастыруды тапсырды.