Шардарада мектеп директоры көлігімен оқушыны қағып кетті
Түркістан облысының Шардара ауданында мектеп директоры көлігімен 6 жасар баланы қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Куәгерлердің айтуынша, спорт мектебінің маңында директор 1 сынып оқушысын қағып кеткен. Жеңіл көлік қаққан бала аудандық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің сөзінше, баланың жағдайы қалыпты.
«Баланың жеңіл түрде миы шайқалған. Бетінде сырылған жерлері бар. Бірақ еш жері сынып, жарақат алмаған. Қазіргі таңда жарақат бөлімінде анасымен бірге жатып, ем қабылдауда. Жағдайына қарай ауруханадан шығарылатын болады»,- дейді аурухананың дәрігерлері.
Өңірлік полиция қызметкерлерінің айтуынша, оқиғаға байланысты тиісті сараптама тағайындалып, тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.
«Бұл жол көлік оқиғасы Шардара аудандық ПБ тіркелді. Қазіргі таңда аудандық Әкімшілік полиция қызметкерлері бұл жайтты тексеріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды»,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.