Астанада 80 жастағы әжелер ұлттық аспапта ойнауды үйреніп жүр
18 зейнеткер бірнеше аспапты меңгеріп жүр
Елордадағы Сарайшық ауданына қарасты белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі ұлттық өнерді дәріптейтін ұжымға айналды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгінде ансамбльдің репертуарында 10-ға жуық халық әні бар. Олардың қатарында «Тобылғы сай», «Қалқатайдың дауысы-ай», «Қоғалы-ай» сынды сирек орындалатын туындылар бар. Әжелердің ең сүйіп орындайтын халық әні «Абайкөктің» үшінші нұсқасы.
Қазіргі таңда «Тұмар» ансамблінде 18 зейнеткер өнер көрсетеді. Ұжым мүшелері домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, сазсырнай сынды ұлттық аспаптармен қатар, ұрмалы және үрмелі аспаптарда да ойнайды. Ансамбльге келуші ата-әжелер көне халық әндерін орындауды, ұлттық аспаптарда ойнауды үйреніп жүр. Ұжымдағы ең үлкен қатысушы - 80 жастағы Әлия Айтжанова, ол сазсырнайда ойнайды.
«Ансамбльге «Тұмар» атауы кездейсоқ қойылған жоқ. Халық ұғымында тұмар - қорғаушы, киелі ұғымды білдіреді. Біз ұлттық өнерімізді сақтап, ұмыт бола бастаған әндерді қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз» - дейді ансамбль жетекшісі Гүлфия Абдуллажанқызы.
Өнерлі зейнеткерлерден құралған ансамбль ұжымы үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, репертуар таңдауға ерекше мән береді. Сондай-ақ, қалалық мәдени іс-шараларға белсене қатысып келеді.
Ұжымның көркемдік жетекшісі Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдаған кәсіби музыкант Гүлфия Шаграева ансамбльдің шығармашылық бағытын айқындап, өнерпаздарға шабыт беріп жүр.