Алматыда шетел азаматы 17 жастағы ерекше қызды үйінің алдында зорлап кете жаздаған
Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр
Алматыда тапа-тал түсте үнді жігіті мүгедектігі бар 17 жастағы қызды зорламақ болған. Оқиғаның қалай болғанын ерекше қыздың анасы айтып берді. Полиция департаменті бұл жағдайды растап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анна Муленкованың айтуынша, олардың отбасында қайғылы жағдай болған.
«Төрт күн бұрын 17 жастағы, мүгедек қызымды Алматының дәл ортасында, өз үйіміздің жанында Асфендияров атындағы беделді университеттің студенті, Үндістаннан келген мигрант-студент зорламақ болды. Ол – қорғансыз, ешкімге жамандық жасамаған бала, сол күні кешкі 7-де емтиханнан үйге қайтып келе жатқан еді. Қызым – жазылмайтын дертке шалдыққан, паллиативтік күтімдегі нәзік, кішкентай қыз. Сол күні мен өзімнің денсаулығыма байланысты оны қарсы ала алмадым. Ал ол қорыққанынан айқайлай алмады, мен естімей қалдым. Бұл біздің үйдің дәл түбінде болған. Мұны өзіме ешқашан кешіре алмаймын», - деп жазды Муленкова.
Анасы бейкүнә баласымен осындай жағдай неге болғанын түсіне алмай дал.
«Қазір маған елшілік пен полиция қысым көрсетіп жатыр: олар лас ақшасына ауыр науқас қызымның ар-намысын сатып, істі жабуды ұсынып отыр. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды ашып айта алмаймын», - деп жазды ол.
Алматы қалалық полиция департаментінің жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Алматы қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған қызына белгісіз ер адам тарапынан тиісу әрекеті болғанын айтып, арыз жазды. Арыз Алмалы аудандық полиция басқармасында тіркелгенін хабарлаймыз. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тексеру жүріп жатыр.. Полиция қызметкерлері аталған ер адамды анықтап, ұстады. Тексеру қорытындысы мен қабылданатын процессуалдық шешімдер нәтижесінде заңнама талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі», - деп хабарлады Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.