$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.04.2020, 17:42
Сұхбат

«Еріктілер қатары сағат санап көбеюде». Комиссариат маманы әскери міндеттілер туралы түсіндірді

Ешқандай әскери дайындықта болмаған азаматтар шақырылып жатқан жоқ

«Еріктілер қатары сағат санап көбеюде». Комиссариат маманы әскери міндеттілер туралы түсіндірді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру жөніндегі қаулыға қол қойды. Жарлыққа сәйкес, әскери дайындығы бар азаматтар төтенше жағдай кезінде жұмыстарға тартылады. Жарлық шыққаннан кейін халық тарапынан сұрақтар көбейіп, арнаулы жиынға шақыруды мобилизациямен шатастыра бастағандар пайда болды.

Azattyq Ryhy тілшісі арнаулы жиынға шақыру туралы елді мазалаған сауалдарды Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі жетекшісі Ғани Артықовқа қойып көрді.

- Алдымен жиынға шақырылатын «әскери міндеттілер» деген кімдер екенін нақтылап алайықшы. Олар тек қолында әскери билеті бар азаматтар ғой?

- Иә, арнайы әскери дайындықтан өтіп, әскери билет алған азаматтар «әскери міндетті» санатына жатқызылады. Әскери дайындық түрлеріне әскер қатарында болу, 40 күндік әскери-техникалық мектеп бітіру, әскери кафедраны тәмамдау кіреді. Міне, осы үшеуінің бірінен өткендер ғана арнайы жиынға шақырылады. Ал әскери шақырылуға жататын, яғни «призывниктер» оған бармайды. Себебі, олардың дайындығы жоқ.

- Ал 27 жасқа дейін әскерге бармай, 28-інде әскери билет алған азаматтар арнайы жиынға шақырыла ма?

- Ешқандай дайындықта болмаған азаматтарды қазір шақырып жатқан жоқ. Өйткені, бұл дайындық өткізу үшін ұйымдастырылып жатқан жиын емес, арнайы жиын. Арнайы жиынның жай жиыннан айырмашылығы – жігіттерді бірден апарып жұмысқа қосады.

- Енді әскери комиссариаттар шақыруды қалай жүзеге асырып жатыр?

- Әскери комиссариаттар, біріншіден, алдын ала аумақтық бригаданың запастық құрамында есепте тұрған әскери міндеттілерді шақырып жатыр. Екіншіден, Президент қаулысын естігеннен кейін өздігінен келіп жатқан еріктілерді қабылдауда. Негізінен, 40 жасқа дейінгі азаматтар өздігінен сұрануда, соларға басымдық береміз. Еріктілер қатары сағат санап көбейіп жатыр. Бұл шара жұмыссыз жүрген азаматтарға ақша табуға жақсы, әрі бұрынғы әскердегі дайындықтарын қайталап, тәжірибесін шыңдауға көмектеседі.

- Еріктілер мен запаста тұрғандардың айырмасы неде?

- Мен айтып отырған еріктілер де бұрын әскерде болған міндеттілер, бірақ запаста жоқ. Мысалы, 1000 адам әскери комиссариаттың есебінде тұр делік. Қорғаныс істері жөніндегі басқармалар сол бір мыңның ішінен мамандығына, тағы басқа сапалық қасиеттеріне қарап алдын ала 200-300 адамды аумақтық қорғаныс бригадасына тіркеп, тағайындап қояды. «Төтенше жағдай бола қалса, сіздерді шақырамыз» деп те ескертеді. Міне, сол азаматтарды біз бірінші кезекте шақырамыз. Ал қалған 700-800 адам өздері келіп жатса, олар ерікті болып есептеледі. Еріктілер арнайы жиыннан келгенде денсаулығы жақсы болса, оларды да бригада құрамына қосуға болады.

- Бірақ бұл жиындар әскери шенді жоғарылатуға мүмкіндік бермейді. Солай ма?

- Ол болашақта жиындардың қаншаға созылатынына байланысты қарастырылады. Бірақ қазір ары кеткенде 3 ай болады деп жоспарланып отыр ғой. Сондықтан бұл сұраққа уақыт өте келе жауап береміз.

- Қорғаныс министрі жұмысы барлардың әскери жиында да айлықтары сол көлемде сақталатынын айтты. Ал жеке кәсіпкерлердің (ИП) табысы қалай есептеледі?

- Жеке кәсіпкерлердің қолында бар құжаттары бойынша ғана қарайды. Егер еш жерде ресми тіркелмей, қосымша табыс тауып жатса, оны біз есепке ала алмаймыз. Себебі, есеп болмаса, табысын басқаша дәлелдеу қиын.

- Түсінгеніміз, шақыру кезінде мәжбүрлік жоқ қой?

- Егер азамат шақырылса, ол комиссариатқа міндетті түрде келіп, бар екенін көрсетуі керек. Әйтпесе, айыппұл төлеуі мүмкін. Ал оларды әрі қарай жұмысқа жіберу-жібермеуді комиссия шешеді. Егер адам толық жетіп жатса, ерікті түрде келгендер қатары жеткілікті болса, ешкім оларды қинамайды.

- Халық әскери жиынды мобилизациямен де шатастырып жатыр. Ара-жігін ажыратып беріңізші?

- Мобилизацияның бұған мүлде қатысы жоқ. Мобилизация дегеніміз – соғыс жағдайында немесе соғыс қаупі туған жағдайда ерекше қаулы бойынша шақыру. Мобилизация болса, әскерге барғандарды да, бармағандарды да шақырады. Ондай уақытта дайындығы жоқтарды арнайы дайындықтан өткізеді де, әскерде болғандарды бірден ұрысқа жібереді. Ал кешегі қаулы төтенше жағдайға қатысты атқарылатын жұмыстар үшін ғана шықты. Оның үстіне, біз қазір әскерге шақыруды уақытша тоқтатып қойдық.

- Әскери билеті бар әйел адамдар ерікті түрде барғысы келсе, аласыздар ма?

- Әскери міндетті әйел адамдар ерекше арнайы жағдайларда ғана шақырылады, бұл жолы әскери міндетті әйелдер босатылып отыр. Яғни, бара алмайды.

Сұхбаттасқан: Абай Сейфулла

Серіктес жаңалықтары