$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.04.2020, 10:35
Сұхбат

Малайзиядан оралған турист: «Өмірімдегі ең қиын сапар болды»

Малайзиядан  29 наурызда елге оралған туристің хикаясы

Малайзиядан оралған турист: «Өмірімдегі ең қиын сапар болды»

Айсұлу Құсайынова – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Қазір Малайзиядан келіп, Алматы шаһарында карантинде жатыр. Ол Малайзиядан Қазақстанға оралған сапары - өміріндегі ең қиын әрі ұзақ жол  болғанын айтты. Отандасымызбен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Әлемде коронавирус індеті ушығып тұрғанына қарамастан не себепті шетелге шығуға мәжбүр болдыңыздар? Малайзияға неше адам бардыңыздар?

- Біз саяхатымызды өткен жылдан жоспарлап жүрдік. Бірнеше ай бұрын билет сатып алдық. Өте тиімді тариф еді. Сондықтан билеттердің ақшасы қайтарылмайтын болып шықты. Туристік компания қызметіне жүгінбей, билетті өзіміз алған едік. Шетелде тұратын орынның да ақысын төлеп қойғанбыз. Мақсатымыз Оңтүстік-Шығыс Азиямен танысу болды. Бұған дейін ол жаққа барып көрген емеспіз. Малайзиямен қатар, Индонезияға да бару жоспарда болды. Ол жақтағы  жағдайды интернет арқылы бақылап отырдық. Біз барған сәтте елде ауырғандар саны 200 адамнан аспаған болатын. Куала-Лумпурге 13-ші наурызда жеттік.

- Малайзиядағы жағдай қалай екен?

- Біз ұшақтан түскенде әуежайдағы жағдай қалыпты еді. Туристік аймаққа тән халық қарасы көп екен. Әуе рейстері де әдеттегі кестеге сай келіп-кетіп жатты. Бізге қызмет көрсеткен такси жүргізушісімен тілдескенімізде, ол елдегі жағдай жақсы екенін айтты. Арада 4-5 күн өткенде барлығы күрт өзгерді. Күтпеген жерден 18 наурыз күні елде карантин енгізілді. Мемлекетке кіріп-шығуға қатаң шектеу қойылды. Қонақүйлер меймандарды қабылдауды тоқтатты. Барлығы жабылып жатты. Демалыс орнындағы барлық нысандардың есігі қаңтарылды. Дүкендер де солай. Тек азық-түлік маркеттері мен дәріханалар жұмыс істеді. Ойын-сауық кешендердің кіре берісінде полиция қызметкерлері кезекшілік атқарды. Бір айта кететіні, елде төтенше жағдай енгізілгеніне қарамастан, дөрекі мінез көрсеткен бір жанды кездестірген жоқпын. Жергілікті халықпен де, шеттен келген туристермен де сыпайы сөйлесіп, қызмет көрсетіп жатты. Сауда орындарына кіріп-шыққандардың дене қызуы тепловизормен тексерілді. Блок бекеттері іске қосылды. Метро, автобустар, бір сөзбен айтқанда, қоғамдық көліктердің барлығы жұмысын шектеді. Көшеде адам саны күрт азайды. Есесіне такси мен тамақ жеткізу қызметінің жұмысы қыза түсті. Тамақ тасыған мотоциклдер ерсілі-қарсылы ағылып жатты.

- Сөзіңізге қарағанда, Малайзиядан Қазақстанға оралу оңай болмаған сияқты. Бұл қиындықты қалай еңсердіңіздер?

- Шынын айтсақ, жүйкеміз тозды. Осы арада елдегі жолдасымның анасы қатты ауырып, уайымнан бірнеше түн көз ілмеген уақыт та болды. Сыртта жүрсек те, Қазақстанда жарияланып жатқан әр жаңалықпен танысып, оқып отырдық. Елге келгеннен кейін 2 апта уақытты карантинде өткізетінімізді білдік. Бізді стационарға жатқызбаған күннің өзінде өзіміз оқшауланудың жолын ойластырдық. Өйткені, бала-шаға, ата-ана, туған-туыстарымыздың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды.  Айналамыздағылардың денсаулығына зиянымыз тиіп кете ме деп үрейлендік. Малайзияға «Uzbekistan Airways» әуе компаниясы арқылы барғанбыз. Олар біз елге қайтатын рейсті ешқандай ескертусіз тоқтатып тастады. Билеттеріміз күйіп кетті.

Егер ертерек хабарландыру жасап, тұтынушыларын құлақтандырса, билетті ауыстырып алуға болатын еді. Кеткен шығынды әлі күнге дейін қайтара алмай отырмыз. Компанияға интернет арқылы бірнеше рет өтініш білдірдім. Ешкім жауап берген жоқ. Бәрін төтенше жағдайдан туған кедергілерге, түрлі арыздардың көптігіне жапты. Бәлкім, қызметкерлер үлгермей жатқан шығар.

Басқа амал болмаған соң, Малайзиядағы Қазақстан елшілігіне хабарластық.  Шыны керек, бастапқыда олардың көмектесетініне көп үміт артқан жоқпын. Елшілік өз тарапынан ешқандай көмек болмайтынын жеткізіп, 29 наурызда ұшатын соңғы рейске үлгергендеріңіз жөн боларын айтып, кеңес берді. Жығылғанға жұдырық демекші, ұшақ билеттері бірнеше есе қымбаттап кетті. Жолдасым екеумізге билет құны 590 мың теңгеге шықты.  Санаулы күндерде осынша қаражат табу керек болды. Досым қол ұшын беріп, соманы тауып берді. Қарыз алдық.

- Ұшақтан түскен бетте қандай тексеріс шаралары жасалды?

- Әуе көлігіне отырған сәтте бізде сауалнама толтырып беруімізді өтінді. Денсаулық жағдайымыз, аты-жөніміз, ЖСН, тұратын мекен-жайымыз, ұялы телефон нөмірлері  жайында сұрақтар жазылған екен. Оны ұшақтан түскен бетте медицина қызметкерлеріне тапсырдық. Алматыға 30 наурыз түнінде жеттік. Траптан түскен сәтте шекара қызметкерлері паспортымызды жинап алды. Ұшақтан түскен жолаушыларды 10 шағын автобусқа отырғызып, «Көктем» шипажайына алып кетті. Ешкім әуежай ғимаратына кірген жоқ.

Шипажайда біраз уақыт тіркелуге кезек күтіп тұрдық. Дистанция сақтау мүмкіндігі болған жоқ. Осы кезде көпшілік біраз қарсылық танытты. Таңғы сағат алты шамасы болса да, бізді қараған дәрігерлер жылы қабақ танытып қарсы алды. Бәріміз шаршағанымызға қарамастан, көңіліміз біраз орнығып қалды. 

- Карантинде қанша мерзім боласыздар? Бір бөлмеде неше адам? Тексеру жағы қалай жүргізіліп жатыр?

- Қазір күйеуім екеуміз екі орындық палатада жатырмыз. Жеке санитарлық торап бар. Күніне 3 мезгіл тамақ әкеліп береді. Тамақ пен мұрыннан сараптама алды. Нәтижесі 2-3 күнде белгілі болды. Вирус жұқтырмаған екенбіз. Дәрігерлер келіп ыстығымызды өлшеп, өкпемізді тексерді. Көңіліміз біраз орнығып қалды. Шет елде жүргенде өзіміз білмей қауіпті вирус жұқтырып, айналамыздағы адамдарға зиян келтіреміз бе деген үрей болған. Әйтеуір, анализ нәтижесі сау екенімізді көрсетті. Жалпы, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі өз жұмысын тиісті деңгейде атқарып жатыр деп ойлаймын. Елімізде дер кезінде карантин жарияланды.

- Бұл сапар Сізге қалай әсер етті?

- Негізі, ұзақмерзімді жоспар құруға болмайды екен. Қандай да бір шешім қабылдасам, тура сол уақытта жүзеге асыруға кірісу керек.

Көзқарасым, өмірлік ұстанымым  өзгерді. Өмір бойы мен үшін мансап, қызмет басты бағыттардың бірі болатын. Оның бәрі керек әрине, алайда соншалықты маңызды емес екен. Енді балаларыммен, анаммен, сіңлілеріммен, достарыммен, туыстарыммен көбірек уақыт өткіземін деп шештім. Денсаулығыма да көп көңіл бөлемін.

Бұл – өмірімдегі үйге қайтар ең ұзақ сапар болды. Ол әлі аяқталған жоқ, себебі карантинде Алматыда жатырмыз, ал үйіміз - Нұр-Сұлтанда. Оған  жету де бір хикая болмақ. Өйткені пойыз, ұшақ, жалпы көлік қозғалысы тоқтатылды. Бірақ осы жағдайдың да пайдасы зор. Уақыт болғандықтан, бұрын мән бермеген жайттар туралы көп ойлап, біраз маңызды шешім қабылдадым.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары