Қазақстанда биыл қыста ауа райы қандай болады: алдағы бес айға арналған болжам жарияланды
Синоптиктердің бес айға жасаған ауа райы болжамы жарияланды

«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша 2025 жылғы қараша-2026 жылғы наурыз аралығына консультативтік маусымдық ауа райы болжамы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, 2025 жылғы қарашада Қазақстанның басым бөлігінде көбінесе қар түріндегі жауын-шашын болады деп болжанып отыр. Оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарда қар аралас жаңбыр болады деп күтіледі. Қатты жел, бұрқасын, көктайғақ және тұман бір ай ішінде көбінесе елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында болуы мүмкін.
Қараша айы
Қараша айында ауа температурасының ауытқуы жиі байқалады, яғни «температуралық кұбылулар» күтіледі:
Республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысында бірінші онкүндіктің басында ауа температурасының түнде 2-7 градус аяздан 0-5 градус жылыға дейін, күндіз 2-7 градус жылыдан 5-10 жылыға дейін жоғарылауы күтіледі, онкүндіктің соңына қарай түнде температураның 7-12 аязға дейін, күндіз 0-5 аязға дейін біртіндеп төмендеуі болжанады.
Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасының түнде 5-12 градус аяздан 10-16 градус аязға дейін, елдің орталығында және шығысында 18 аязға дейін, күндіз 3 аяз 2 градус жылыдан 5-10 градус аязға дейін ауытқуы күтіледі.
Айдың соңында ауа температурасы түнде 15-20 градус аязға дейін, күндіз 10-15 градус аязға дейін төмендеуі күтіледі.
Республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында бір ай ішінде түнгі уақытта ауа температурасының 3-12 градус аяздан 0-7 градус жылыға дейін, күндіз 1-6 жылыдан 8-18 жылыға дейін ауытқуы күтіледі. Қараша айының соңында жекелеген күндері аязды күндер түнде 5-15 аязға дейін, күндіз 0-5 аязға дейін күшеюі мүмкін.
Жалпы қараша айында ауа температурасы – елдіміздің барлық аймағында нормадан 1° жоғары болады деп болжанады (нормалар бюллетень кестесінде келтірілген).
«Қараша айында жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында, елдің батысында, солтүстік-шығысында нормадан көп болады деп болжанады (Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының басым бөлігінде, Атырау, Маңғыстау облыстарының батысында, Қостанай облысының солтүстік-шығысында және Абай облысының шығысында).
Алдын ала болжам бойынша қыс мезгілі қоңыржай жылы болады деп күтіледі, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. Бірақ кейбір кезеңдерде бұрқасын, екпінді жел, көктайғақ құбылыстарымен, тұмандар, мол жауын-шашынның түсуі жоққа шығарылмайды. Сондай-ақ, қыс мезгілінде қар жамылғысында мұз қабыршығы пайда болуына ықпал ететін «температуралық құбылулар» болжанады», – делінген «Қазгидромет» болжамында.
Желтоқсан айы
Желтоқсан айында ауа температурасы елдің басым бөлігінде норма шамасында, республиканың солтүстік-батыс жартысында нормадан 1° жоғары; (Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарда, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақмола облысының солтүстік-батысында), Шығыс Қазақстан облысының қиыр солтүстік-шығысында нормадан 1° төмен күтіледі (Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында).
Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, орталықта, елдің шығысының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының шығысында, солтүстік аймақтың оңтүстік жартысында және оңтүстік облыстардың қиыр солтүстігінде нормадан аз болады деп болжанады.
Қаңтар айы
Қаңтар айында ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың шығысында нормадан 1° төмен болады деп болжанады (Абай, Жетісу облыстарында, Алматы облысының басым бөлігінде, Қарағанды, Павлодар облыстарының шығысында).
Жауын шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп күтіледі (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында).
Ақпан айы
Ақпан айында республика бойынша орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2°-қа жоғары болады деп күтіліп отыр. Республиканың бүкіл аумағында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады деп болжанады.
Алдын ала болжам бойынша наурыз айында температура бүкіл ел бойынша нормадан 1° жоғары болады деп күтіліп отыр.
Наурыз айы
Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп (Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының, Жетісу облысының және Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында), Маңғыстау облысының басым бөлігінде нормадан аз болжанады.