$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.03.2020, 13:32
Сұхбат

Өзіңізге қымбат жандарға күнде хабарласып тұрыңыз – психолог

Карантинде отырған азаматтарға психолог кеңесі

Өзіңізге қымбат жандарға күнде хабарласып тұрыңыз – психолог
Фотода: психолог Ғалия Баязитова

Психолог мамандардың пайымынша, үнемі жағымсыз жаңалық оқитын адамдар психозға шалдығуы мүмкін. Әлемнің 200-ден астам мемлекетінде коронавирус дерті таралып, адамзат проблемасына айналды. Сондықтан бүгінгі күні ақпарат легінің барлығы ауруға шалдыққандар, көз жұмғандар жайындағы жағымсыз статистикаға толы. Осындай жағдай жүйкеге кері әсер етпес үшін не істеу керек? Бұл жайында Azattyq Rýhy тілшісі петропавлдық психолог Ғалия Баязитовамен сұхбаттасқан еді.

Коронавирус пандемиясына байланысты көпшіліктің қалыпты өмір салты өзгерді. Бәрі мүмкіндігінше үйде жұмыс істеп, балалар қашықтан оқуға көшіп жатыр. Бұған адамның ағзасы, психологиясы бейімделуі керек. Мұндай жағдайда психологияға салмақ түседі. Жағымсыз статистика сәт сайын жаңарып жатыр. Психологтар үнемі жағымсыз жаңалықтарды оқу – ауытқуға алып келуі ықтималдығын айтады. Бүгінгідей жағдайда жүйке сыр бермес үшін не істеу керек?

- Мамандардың пікірі өте дұрыс. Келіспеске амал жоқ. Бүгін әлемде қалыптасып отырған жағдай жүйкеге кері  әсер етпес үшін бірінші кезекте вирус жұқтырудан қорғайтын жалпы ережелерді сақтау керек. Яғни, далаға шықпау, көпшілік жиналатын жерде жүрмеу, жеке бастың тазалық ережелерін қадағалау. Ал, кейбір адамдарға ережелер жиынтығын үйде көзге үнемі көрінетін жерге жазып қоюы керек. Ол психика үшін пайдалы болады, яғни адам кәдімгідей тәртіпке бағынып, қағиданы орындай бастайды. Тағы бір кеңес, жүйкесі жұқа адамдар короновирус жайлы түрлі ақпараттарды жиі оқымауы шарт. Тек қана сақтану ережелерін білсе болғаны. Ал өте эмоционалды, қозғыш адамдар осы уақыт ішінде өзіне ұнамды: кітап оқу,  үй шаруасымен, қолдан түрлі бұйымдар жасаумен айналысу және тағы басқа іс-әрекетпен айналысуы керек. Бұл адамның ойын, назарын басқа жаққа аудырып, мидың түрлі ақпараттар легінен демалуына жағдай жасайды. 

Жуырда әлеуметтік желі пайдаланушыларының бірі күн сайын коронавирус туралы қорқынышты түс көретінін жазды. Ол жазбаға бірнеше оқырман пікір қалдырып, өздері де осындай жағдайда жүргенін айтты. Бұл адамдардың жүйкесі сыр бере бастағанының белгісі ме?

- Адам күнде коронавирус жайында қорқынышты түс көрсе – ол адамның жүйке жүйесі нәзік екенінің белгісі. Ондай адамдар коронавирус, эпидемия жайлы ақпараттарды қарамағаны дұрыс. Түрлі қиын жағдайдайларда алаңдап жүретін адамдар эмоцияларын, ойын өзіне бағындыруға қауқарсыз. Одан бөлек, ақпаратты қабылдай алмайды. Энергиясын белгілі бір қорқынышты жағдайға бағыттайды. Эмоционалды тұрғыда тұрақсыз адамдар жағымсыз ақпараттарды мүлде тұтынбауы керек. 

Төтенше жағдайға байланысты көптеген азаматтар үйде, қашықтан жұмыс істеуге көшті. Бұл жағдай еңбек өнімділігіне кері әсер ететіні сөзсіз. Жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін қандай ақыл кеңес берер едіңіз?

- Еңбек өнімділігі – адамның өзіне байланысты. Аламның ойы үй шаруасына, бала шағасына ауады. Бірақ, жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін әр адам арнайы ереже жасап, тәртіп сақтауы керек. Адамның ішкі мотивациясы болуы шарт. Қашықтан еңбек етсе де, адамдардың негізгі мотивациясы – материалдық жағдай. Адам жұмыс істемесе, табысы азаяды. Соны дұрыс түсінетін, қабылдай алатындай жұмыс тәртібін жасауы керек. Мүмкіндігінше жеке бөлме, болмаса арнайы орын әзірлесін. Жұмыс үстелінен назарын ауатын заттарды алып тастау керек. Күн сайын белгілі жоспар құрып, «соны орындадым ба, жоқ па» деп өзіне есеп беріп отырса, адам өзін басқара алады.

Каратин жағдайында ересектер үшін тағы бір міндет – бала-шағасының уақытын тиімді ұйымдастыру. Әсіресе, кішкентайларды ешқайда шығармай, үйде ұстап отыру оңай емес. Қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Жағымсыз жағдай болса да, әр ситуацияның жақсы тұстарын көре білу керек. Мәселен, қазір ешқайда асығып жүрігудің қажеті жоқ. Отбасымен көп уақыт өткізуге мүмкіндік мол. Жақындарыңызбен өткізген әр минутқа қуаныңыз. Балалар қазіргі жағдайға бейімделуі керек. Маңызды шаруалардың тізімін жасап, бала оны орындауын қадағалаңыз. Өйтпеген жағдайда, үйде «ештеңе істемеу» процесі қалыптасады. Сіз үшін қымбат, бірақ сізбен бірге тұрмайтын жақындарыңыздың тізімін жасап, күнде хабарласып тұрыңыз. Оларға денсаулық пен табыс тілеңіз. Өйткені, баланың бойына отбасы, туыстармен қарым-қатынас сияқты құндылықтарды дарыту маңызды.

- Өзіңіз қауіпті вирустан құтқаратын қандай сақтық шараларын жасап жүрсіз?

- Біріншіден, отбасымен қоғамдық орындарға бармаймыз. Екіншіден, үйде күн сайын дезинфекция жасаймыз. Қолымызды жиі жуатын болдық. Үйде ауаны тазартуға арналған қондырғы сатып алдық. Жақсы дүние екен. Жолдасым қашықтан жұмыс істейді. Оның киімдерін күн сайын тазалаймыз. Балалардың ойыншықтарын да. Түрлі дәрумендер ішіп жүрміз. Дүкенге шығу керек болса, міндетті түрде маска мен медициналық қолғап киеміз. Және адам аз қатынайтын нүктелерге ғана барамыз. Әр адам мүмкіндігінше сақтанып жүргені дұрыс. Бұл – алдымен өз қауіпсіздігіміз болса, екіншіден жақындарымыз, қоғам алдындағы жауапкершілік.

Сұхбатыңызға рахмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары