$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.02.2021, 17:58
Сұхбат

Қуатты техника бар, сауатты маман жоқ – медициналық физикпен сұхбат

Медициналық физика саласы елімізде кенже қалып отыр 

Қуатты техника бар, сауатты маман жоқ – медициналық физикпен сұхбат

Медициналық физик  – әлем бойынша сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Қазақстанда әзірге бұл сала кенже қалған. Басты себептердің бірі елімізде аталған кәсіп иелерін даярлайтын жоғары оқу орынының жоқтығы. Сәйкесінше маман тапшы. Жыл сайын медицина саласына шетелдік заманауи қондырғылар сатып алынады. Тек оның тілін білетін мамандардың жоқтығынан қымбат техниканы кәдеге жарата алмай жататынымыз да жасырын емес.

«Медициналық физик» деген кім? Олардың саладағы рөлі қандай? Azattyq Rýhy тілшісі Халықаралық сертификатқа ие тұңғыш қазақстандық медициналық физик, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Үміт»  томотерапия және ядролық медицина орталығының медициналық физика бөлімінің меңгерушісі Танжас Шаяхметовпен сұхбаттасқан еді.

- Танжас Серікұлы, есіміңіз  Қазақстандағы Халықаралық сертификатқа ие алғашқы медициналық физик ретінде тарихта қалады. Алдымен өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Петропавлдағы С.Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның түлегімін. Айтарлықтай алғыр шәкірт бола алмадым, оқу үлгерімім орташа, «үштік» бағалар да болды. Мектепті тәмамдаған соң «Физика» мамандығы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға түстім. Грант иегері атандым. Университет қабырғасында білімге деген құштарлық пайда болды. Жоғары оқу орнын ерекше үлгідегі дипломмен аяқтадым. Білімімді жалғастыруды ұйғарып, аталған оқу орнының магистарутасына түстім. Ол кезде СҚМУ-да Академиялық мобильдік бөлімі жұмыс істеді. Магистратуның бірінші курсын тәмәмдағаннан кейін аталған ұйымнан шетелде «IAESTE» арқылы білім алуға ұсыныс түсті. «IAESTE» – өндірістік тәжірибе өту үшін студенттер айырбасы жөніндегі қауымдастық. Аталған бағдарлама «Work and тravel» сынды еді. Айырмашылығы  даяшы сынды қызмет көрсету саласындағы емес, өз мамандығың бойынша жұмыс істеу және тәжірибе жинау. Мен үшін Жапонияға жол түсті. Токио қаласындағы WASEDA Universiti-де тәжірибеден өттім. Басты мақсат – теориялық зерттеу шараларын жүргізу болды. Зертханаларда суперкомпьютерлерде  жұмыс істедік. Аталған бағдарлама рухани байлығымды айтарлықтай арттыруға септесті. Мен үшін Жапондардың ғылымға, білім алуға деген көзқарасымен танысу өте қызық болды.

- Шетелде алған біліміңіз елімізде кәдеге жарады ма, оны тұңғыш рет қайда пайладандыңыз?

- Магистратураны аяқтағаннан кейін Петропавл қаласындағы СҚО онкологиялық орталығына инженер-физик болып жұмысқа орналастым. Шынын айтасам, сол сәтте аталған қызмет мен үшін жаңашылдық еді. Өзімнің қандай шаруамен айналысатыным жайында да білмедім. Ол кезде маман тапшылығы болғандықтан, мені жұмысқа қабылдады. Қызметке кірісе келе, оның болашағы зор сала екенін түсіндім. Даму мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, салада өз ісінің маманы болу үшін білімім жеткіліксіз екенін де ұғындым. Интернет беттерін ақтарып, білім алу жолдарын іздеумен болдым. Осылайша «Медициналық физика» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын тауып алдым. Өтініш тапсырып, барлық іріктеу турларынан өтіп, оқуға түстім. 2018 жылы «медициналық физик» манадығын алып шықтым. Бұл – Италияның Триест қаласындағы Триест универститеті мен Абдус Салам атындағы халықаралық теориялық физика орталығының бірлескен жобасы. Бағдарлама Атом энергатикасы жөнідегі халықаралық агенттікпен бірлесе отырып жасалған. Бірінші курста теориялық білім алсақ, екіншісінде Италиядағы ауруханалардың бірінде тәжірибе шыңдадық.  

- «Медициналық физик» деген кім? Оның медицина саласындағы маңыздылығы қандай?

- Медициналық физикке нақты анықтама беру қиын. Бірінші кезекте ол науқас, дәрігер мен қондырғы арасындағы дәнекер. Медицинада біз сәулелік терапия, сәулелік диагностика, ядролық медицина сынды үш бағытта жұмыс істейміз. Онкологиялық ауруларды емдеуде физика, электроника, электротехника саласындағы білімімізді пайдаланамыз. Дәрігерлермен бірге жұмыс істеп, дұрыс диагноз қою, пайдаланылатын сәулелену көлемін анықтау сынды тағы басқа жұмыстарды жүзеге асырамыз. Емдеу ісіне тікелей араласып, науқастың денсаулығы үшін жауап береміз. Медициналық физиктер әр терапия алдында адам ағзасына радиация, оның сау және зақым келген клеткаларға әсерін есептейді. Берілетін дәрі-дәрмек көлемін анықтайды.

- Қазақстанда Сіз сияқты қанша маман бар?

- Ресми мәліметтер жоқ. Менің білуімше Қазақстанда шамамен 60-70 медициналық физик бар. Олардың басым көпшілігі физика бойынша техникалық жоғары білімге ие. Қазақстанда «медициналық физик» мамандығы оқытылмайды. Ал бұл сала бойынша шет елдерде магистратурада білім алған 10 шықта адам ғана бар. 18 млн халқы бар ел үшін бұл аз көрсеткіш. Мәселен Италияда 60 млн адамға 2500 медициналық физик бар. 

- Жыл сайын Қазақстанның емдеу мекемелеріне медициналық қондырғылар сатып алынады. Техниканың қызметін толық пайдалана алып отырмыз ба?

- Шынында Қазақстанда жыл сайын жаңа медициналық қондырғылар сатып алынуда. Алайда онымен жұмыс істейтін адамдар табыла бермейді. Мәселен мен жұмыс істейтін орталықта екі томотерапия аппараты бар. Жұмыс бастамас бұрын мамандар Еуропа елдері мен АҚШ-та білім алды. Ал мен аталған қондырғылармен шет елдерде оқып жүргенде таныстым. Италияда көрген заманауи техника Қазақстанға келгенін естігенде таң қалдым, іштей мақтаныш пайда болды. Тек өңірлік емдеу мекемелері мен астанадағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасындағы айырма жер мен көктей екені қынжылтады.

- Қазақстандық жастардың көпшілігі өзге мемлекеттерге, әсіресе Еуропаға кетуді армандайды. Жапония, Италияда білім алдыңыз. Шел елде қалып, сол жақта жұмыс істеу жайында ой туындаған жоқ па?

- Ондай ой болғанын жасырмаймын. Италияда оқып жүргенде жақсы ұсыныс та түсті. Бірақ еліме деген патриоттық сезім басымдық тартты. Қазақстанға оралуды ұйғардым. Өкінген емеспін. Еліміздің барлық өңірлерінгі ауруханаларда заманауи техника орнатылып, білікті мамандар болса деймін. Сондықтан аталған кәсіп иелерін дайындау керек. Қазақстанның медициналық физиктерінің қауымдастығын құрып, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жұмыс істегім келеді. Еліміздегі онкологиялық қызметті дамыту үшін қыруар шаруа тындыру керек.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #сұхбат