ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан бір тәулікте 32 қазақстандық қайтыс болды

«Жайдарман» мен КТА арасындағы бәсеке, жаңа маусымы және отандық сатира – Есен Елеукенмен ашық сұхбат

«Жайдарманның» келесі маусымы «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілмейді

2010 жылдан бастап «Қазақстан» телеарнасынан қалың көрерменге көрсетіліп келген «Жайдарман» телевизиялық әзіл-сықақ ойыны биыл наурыз айынан бастап «Жетінші арнадан» шығады. 

Қазақтілді аудиторияның ыстық ықыласына бөленіп, талай өнерлі жастың үлкен сахнаға шығып, республика көлемінде танылуына себепші болған жобаның «ұлттық арна» эфирінен тоқтауы, Тұрсынбек Қабатов бастамашы болған КТА-ға берілген басымдықтар мен жаңа өзгерістер туралы «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

- Есен мырза, Қазақстан ұлттық арнасынан «Жайдарман» енді шықпайтын болыпты. Қайда кеттіңіздер, қандай өзгерістер болып жатыр?

- Былтыр карантин басталғаннан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан арнадан ойын-сауықтық бағдарламаларды азайту керектігі туралы тапсырма болған. 18 ойын жоспарлаған едік, соның 12-і шықты. Жалпы, бәрімізге де өзгеріс қажет болды, себебі, телеарнада біздің көңілімізді қимайды, біз де олардың көңілін қимай осы уақытқа дейін бір-бірімізге деген сыйластықпен келдік. Өзімізді жаңа қырымыздан көрейік деген ой бар, екінші жағынан министрдің айтқаны да түрткі болып, осындай шешімге келдік. Арна басшылығы да «биылдан бастап сіздермен бірлесе жұмыс істеу жоспарымызда жоқ» деді. Сәйкесінше, басқа арналарға шыға бастадық. Оның ішінде республикалық 4 телеарна «Жайдарманға» қызығушылық танытты. Солардың әрқайсысымен сөйлесе жүріп, «Жетінші арнаға» тоқтадық.

- Не себепті «Жетінші арна»?

- «Жетінші арна» қазір басшылығынан бастап, шығармашылық топқа дейін өзгеріп жатыр. Сондай-ақ, арнада ребрендинг жүргізіліп жатыр. Оның үстіне, әзілге қатысты скетчком, ситком, стендап сынды көптеген дүниелер шығады. Осы себепті бір-бірімізді жақсы түсіндік. Осы тұста айта кететіні, арна басшылығы біздің нақты ұсыныстарымызды тыңдады. Бұған дейін ұлттық арна көп проблемамызды жеме-жемге келгенде ысырып қоятын.

- Бұл «ұлттық арнаға» деген өкпеңіз бе?

- Арнаға ешқандай өкпем жоқ. Кейде мен өзім дұрыс жеткізе алмадым ба деп ойлаймын, кейбір тұста олар дұрыс тыңдай алмады ма деген ой бар. Жалпы, «ұлттық арнада» 11 маусым болдық және Жайдарман ең ұзақ болған бағдарламалардың бірі. Кезінде сұранысқа жақсы ие болды, ұлттық арнаның YouTube каналына біраз аудитория жинап берді.

- «Жайдарман» десе Есен Елеукенді, КТА десе Тұрсынбекті жұрт еске алады. Бір салада жүрген соң халық сіздерді бәсекелес, бақталас ретінде де көреді. Бірақ, жайдарманшылар мен КТА әзілкештерінің әзілдерінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Осы тұста, өз аузыңыздан КТА мен «Жайдарманның» айырмашылығы қандай екенін білсек?

- Негізі екеуінің форматы бір. Екеуінің бір арнадан шығуы 2016 жылы басталды. КТА-да ойнаған жігіттердің көпшілігі бір кездері Жайдарманнан шығып, белгілі бір жетістікке жеткен ойыншылар. Оның үстіне, КТА алғаш ашылғанда маған «формат басқаша болады» деді. Жайдарманнан кеткен жігіттер «сол жерде ойнайық» деді. Кейін уақыт өте «Жайдарманға» өкпелеп, қиыншылығына шыдамай кеткен қатысушылар КТА-ға өтіп кетті. Ал, өзіндік принціпі бар, нақты бір нәрсе үйренгісі келетіндер «Жайдарманда» қалды. Мұнда өрескел қателік – сол кездегі Қазақстан ұлттық арнасы басшылығы тарапынан болып отыр.

- Ол қандай қателік?

- Форматы бірдей екі ойын-сауық бағдарламаны бір арнадан шығарды. Сол кезде олар Жайдарманның тұрақты түрде жиналған аудиториясының уақытын алды да, Көңілді тапқырлар алаңына берді.

- Басшылықтан не себепті сіздердің уақытты КТА-ға бергені жайлы сұраған боларсыз?

- Әрине, бұл мәселемен сол кездегі басшылыққа бардық, бірақ бізді ешкім тыңдамады. Одан кейін келген басшылық мәселені шешеміз дегенімен, айналып келгенде сол баяғы соқпаққа түсе бастады. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе – сол бағдарламаны алған екен, белгілі бір талап қойылуы керек еді. Мен мұны бірнеше рет айттым, себебі, КТА «Жайдарманда» айтылған әзілдерді қайталай бастады. Яғни, «Қазақстан» арнасы бір бағдарламаны екінші рет ақшаға сатып алды. Басшылық әр бағдарламаның ішкі дүниесінде не болып жатқанына араласып, Тұрсынбекке форматы басқа бағдарлама ұсыну қажет еді.

- Демек КТА мен «Жайдарманның» еш айырмашылығы жоқ қой?

- Алдағы алтыншы маусымға екі команда да шыққалы жатырмыз. КТА-да әлі күнге дейін бір-екі команда ғана болмаса, толық өздері тәрбиелеп шыққан команда жоқ. Біздің басты жетістігіміз –  барлық аймақта, бүкіл аудан орталықтарындағы ірі қалаларда филиалдарымыз бен өкілдіктер жұмыс істейді. Бізде жүйе бар, тек қаржылық жағдай ғана қол байлап тұр.

ЕСЕН ЕЛЕУКЕННІҢ ШЫНДЫҒЫ

- Тұрсынбекпен аталған мәселе турасында сөйлеспедіңіздер ме?

- Көрген жерде сәлеміміз түзу. Бұған дейін Тұрсынбек БАҚ-қа берген сұхбаттарында «Есен жігіттерді бермегендіктен, өзімнің бөлек бағдарлама ашуыма тура келді» деп айтып жүрген. Бұл өтірік! Егер ол маған шындап келіп, «балаларды бере тұр десе» бермей қоймаймын ғой. Өзіне де талай «Жігіттерді ал, ешқандай қарсылық жоқ. Тек, маған ескертші» дедім. Ал ол ескертпей, көмекшісіне немесе солармен ойнаған балаларға айтады.

Сонымен арада осындай жағдайлар туындады. Журналистерге берген сұхбатында қисынға келмейтін әңгімелері бар. «Жайдарман» мен КТА бір арнада жүріп жатқаннан кейін артық сөзге бармадым. Себебі ұсақ болғым келмейді.

Бұл телеарнаға Тұрсынбектің сөзі өтімдірек болды, елдің алдында жүрген азамат, қолдаушылары көбірек, қаржылай жағы да дұрыс. Одан бөлек, сахна, жарық пен дыбыстың әдемі болуы өз әсерін тигізді. Біздің де қолдаушыларымыз бар, барынша сапалы дүние жасауға тырыстық.

Одан кейін басшылықтың өзінде «Жайдарманға» қатысты «Жайдарман – мектеп, КТА – университет» деген бір сөз шыға бастады. Бұл адамның күлкісін келтіретін өте қате түсінік. Мен осы әңгімені бұл сөзді айтқан жігіттердің өзіне де айттым, бастарын алып қашты. Осының салдарынан екі тараптың балаларының қарым-қатынастарына сызат түсіп, жауға айнала бастады. Жобаларды таңдаған кезде арнадағыдар осыны да ескеруі керек еді.

Меніңше, ұлттық арна ағарушылықпен айналысып, қазақтың қандай екенін заманауи қылып көрсетіп, керек емес дүниелерді азайтуы керек. Жалпы, рейтингті қуа беруге болмайды. Қазір ол жерде де жақсы жұмыс істеп жатқан әріптестер бар. Бірақ көрермен ретінде ұлттық арнаның атына заты сай болғанын қалаймын және сол күнге жетеді деген сенімдемін!

- Мұның бәрі жоғарыда сіз айтып өткен арнадағы белгілі бір адамдардың қызығушылығына қарай басымдылық беру, айтылған ұсыныстарға құлақ аспау сынды бюрократиялық әрекеттер тоқтағанда ғана болатын шығар...

- Бізде өкінішке қарай, өзгерістер баяу жүріп жатыр. Қағазбастылық, есеп беру, жоғары жақтан келетін тапсырмалар кейде шығармашылық жұмысты тоқтатып тастайды. «Ұлттық арнадан» кете салып, сын айта бастапты, мотивация беретін жақсы нәрселер айтылу тиіс деп айтушылар табылар. Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат жалғыз. Сондықтан ақиқаттың айтылғаны дұрыс.

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ, САЯСИ ӘЗІЛДЕР НЕГЕ АЗ ТЫҢДАЛАДЫ?

- Жайдарманды ара-тұра көріп тұрамын. Сонда байқайтыным, интелектуалды, саяси юмор шынымен аз. Ресейлік, украиндық әзілкештер сынды саяси, астарлы дүниелерді анда-мұнда ғана естиміз. Әзілкештер десе көпшіліктің көз алдына той-томалақта жүретін, арзан дүние айтып, қызыл-жасыл киініп алатын бір күндік әртістердің елестейтіні жасырын емес. Неліктен әлі күнге дейін Жайдарман әзілдері интеллектуалдық деңгейге шыға алмай отыр?

- Интеллектуалдық деңгейі бар командалар мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ ондай командалар алғашқы іріктеуден кейін ары аса алмай қалады.

- Аса алмауларына не себеп?

- Шындық қашан да ащы ғой. Олардың интеллектуалды әзілдерінен гөрі, ойынға, қимылға, әдемі әнге басымдық берген командалар алға шығады. «Жайдарманда» да небір дүниелер айтылып жатыр. Оны көрермен көрмей, байқамай жатса, айып өздерінен. YouTube платформасында қазақтілді аудитория «Жайдарманның» белсенді көрермені бар, демек, сұраныс бар. «Өздері айтып өздері күледі» деген сынның жаны бар шығар. Бірақ, олардың әзілін өз қатарластары жақсы түсініп, қабылдайды. Жастық жалынды тұқыртып тастамау керек, оларға дұрыс бағыт беріп отыруға тиістіміз.

Тағы бір айта кететіні, «Жайдарманды» өнер деп емес, өмір деп қараған жөн. Бұл жоба «ұлттық арнаға» келмейді деуі мүмкін, бірақ соны келтіруі керек. Себебі «Жайдарман» ауыл жастары үшін әлеуметтік лифт және олар өздері өмір сүріп отырған ортаның шындығын айтып, сахнада өздерін шыңдап, тәжірибе жинай отырып, жаңа өмірге қадам басуға мүмкіндік алып отыр.

-Саяси әзілге келсек, 20-25 жастағы баладан аса бір саяси дүние күтудің қажеті жоқ. Бізде 40-50 жастағы ағаларымыз саясатты дұрыс айта алмай жатыр, ал балалардан саяси әзіл сұрау артықтау.

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ, ЖАЙДАРМАНШЫЛАРДЫҢ САХНАЛЫҚ КОСТЮМДЕРІ ЖАЙЛЫ

- Жайдарманға шығып жатқан жастардың 90% шалғай ауылдардан екені жасырын емес. Көпшілігінің сахналық костюмдері сапа жағынан сын көтермей жатады. Командаларға тіл тазалығы, саяси әзілдерге қатысты ескертулер айтылатыны сынды, сахналық киімдеріне қатысты да талап қойыла ма?

- Жайдарманда жағдайы жақсы, көңіл-күйі, қарны тоқ адамдар ойнамайды. Қатысушылардың барлығы дерлік ауылдың балалары. Сосын жолдары, костюмдеріне, жатын орындарына демеуші табу қиын. Университет, облыс, аудан әкімшілігі қолдап жатқан командалардың киімдері дұрыстау болады. Біз осы олқылықты жою мақсатында «Жетінші арнаға» ұсыныс айттық.

Тіл тазалығына келсек, 2012 жылдан бастап қазылар алқасының құрамында болған Мәди Манатбек деген жігіт тіл тазалығына қатты мән беріп, қотыр сөздерді барынша азайтқанбыз. Бірақ «ұлттық арнаға» КТА келгеннен кейін, екеуіне талап бірдей қойылмады. Екі-үш жыл шыдағаннан кейін, редакторлар мен ұйымдастырушылар алқасы «ана жобада ондай талаптар жоқ, бізде шектеліп қалмайық» деп орысша сөздердің қосылып кеткен жайы бар. «Жетінші арнада» ұлттық арна секілді қатып қалған заңдылық жоқ. Оның үстіне, мұнда кәсіпқой әртістер жоқ. Уақыт өте жүз пайыз тіл тазалығына да келеміз.

- Ресей, Батыс елдері әзіл индустриясын қалыптастырған, сәйкесінше, әртістердің гонорлары да жоғары. Әзілге негізделген түрлі шоу-бағдарламалары бар. Біздегі әзіл индустриясы бір-екі театр, «Жайдарман» мен КТА төңірегінде ғана қалып қойған жоқ па?

- Бұл жерде де бұл біздің экономикамыз сияқты қазақтілді аудиторияның санына байланысты. Ресейде ТМД елдерін қосқанда 300 миллиондай аудитория бар. Бізде ары кеткенде 10 миллиондай бар, оның 20-30% қазақ тілін білмейді, қалғаны 5 миллион аудитория. Оларды асырап тұрған той-томалақ, телевизиялық, әлеуметтік жобалардан олар көп қаржы табады деп айта алмаймыз. Қазір талантты вайнерлердің өзі аудиторияларын көбейту үшін орыс тілінде вайндар түсіреді. Әйтпесе сол Сека, Мейіржан, Территима да қазақтілді жігіттер. Нарықта орыс тіліне сұраныс көбірек болған соң, соларға жұмыс істейді.

- Ашық әңгімеңізге рақмет! Жаңа маусымда «Жайдарманға» сәттілік тілеймін!

Айжан Бақдаулетқызы, Нұр-Сұлтан