«Қолда бар алтынның қадірін білмейміз»: Тұрсынғали Еділов Ермахан Ыбрайымов, қазақ боксы, Сиднейдегі өкініші жайлы
Даңқты бапкермен ашық сұхбат
Қазақстан тәуелсіздігін алған отыз жылда жазғы Олимпиада ойындарына алты рет қатысып, барлығы 64 медаль иеленген. Оның 22-ін Ұлттық құрама қоржынына боксшылар салыпты. Яғни, әр Олимпиададан боксшыларымыз жоқ дегенде бір алтын және бірнеше күміс-қола медальдармен оралып отырған.
КСРО дәуірінен кейін қазақ боксының қайта өрлеуі 2000 жылғы Сидней олимпиадасынан кейін болды десек артық айта қоймаспыз. Бекзат пен Ермаханның алтыны, Болат пен Мұхтарханның күміс жүлделері қазақ халқының рухын асқақтатып қана қойған жоқ, елдегі бокс залдарын түгел балаға толтырды.
Сол Сидней олимпиадасында бокстан ұлттық құраманы жаттықтырып, боксшыларды рингке алып шыққан бапкер Тұрсынғали Еділов әлі да шәкірт тәрбиесімен айналысып жүр. Azattyq Rýhy тілшісі Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушымен сұхбаттасып, қазақ боксының қазіргі жай-күйін сұрап білді.
Айта кетейік, биыл Токиода кезекті жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Қазақстандық боксшылар онда барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.
– Тұрсын аға, қазір қайдасыз, немен айналысып жүрсіз?
– Алматы қаласындағы Бесағаш деген өзім тұратын ауылдан шағын бокс залын ашқанмын. Мұнда жатын орын, жаттығу залы бар. Залға Алматы облысынан, Атыраудан, сонау Йемен Республикасынан келіп жаттығатын балалар бар. Қазір 7 бала жатып дайындалады, жалпы саны 40-қа жуық шәкіртім бар. Бұдан бөлек, мектепте жұмыс істеймін. Қазір спорт жасарды, бұрынғыдай аптасына 3 рет жаттығу аздық етеді. Балаларды күн сайын жаттықтыру қажет.
– Ұлттық құраманы қадағалап тұрасыз ба, қазір боксшыларымыздың қауқары қандай?
– Бабында деуге әбден болады. Оларға қазір үздіксіз жаттығу, ерік-жігер және Олимпиада чемпионы боламын деген мақсат қажет. Қазақстанның бокс саласында тәжірибелі мамандар жетерлік, бәрі бір жолға қойылған. Біздің кездегі жағдаймен салыстырсақ, қазір әлдеқайда керемет.
Бекзат, Ермахандарды чемпиондыққа дайындап жүрген 90-шы жылдардағы жағдай басқаша еді. Ол кезде бізге қойылған талап өте қатаң болды. Одан бөлек, ол кезде жастардың патриоттығы мықты болған сияқты. Жеке бапкерлерге де өте көп еркіндік берілген еді. Қаржы қазіргідей болмаса да, спортшылардың да, бапкерлердің де боксқа, елге деген патриоттық махаббаты бөлек болғандай.
Оның үстіне, ол кезде ұлттық құрамадан Олимпиадаға кілең сайдың тасындай іріктелген жігіттер алынатын. Қазіргідей спорт қатты саясиланбаған. Қазір облыстардан сұрау көбейіп кеткен.
Ол кездегі спортшыларымыз талай қиындықтардан өтсе де, рухтары мықты болды-ау. Соның арқасында Бекзат сынды спортта құбылысқа айналған боксшы шықты.
– Ел ішінен жас таланттарды тауып, жарыққа шығару қиын ба?
– Талантты жастар көп қой. Оларға тек қолдау мен мықты бапкер, өздеріне деген сенімділік қажет. Сидней олимпиадасына барған кезде марқұм Бекзат: «Аға, анау Роналдиньо деген футболшы біз сияқты қарапайым адам екен ғой. Біз неге солардай болмаймыз, ана бір боксшының бізден қай жері артық? Оны да жеңуге шама жетеді» деп үнемі өзін-өзі қайрап жүретін. Осындай сенімнің арқасында ол еліміздің көк байрағын желбіретті. Қазіргі жас спортшыларға да, ата-аналарға да шыдамдылық қажет. Кейде баласын залға әкеліп, 3-4 айдан кейін нәтиже сұрайтын ата-аналар бар. Жеңіс оңайлықпен келмейді. Спорт та бабыңның да, бағыңның да болғаны жақсы.
– Сидней олимпиадасы тек қазақ боксының ғана емес, Сіздің де жұлдызды шағыңыз болды деуге болатын шығар. Бір сұхбатыңызда сол кездегі боксшылардың жағдайы, қазақ боксының қалыптасуы туралы кітап жазғыңыз келетінін айтқан екенсіз. Әлі де ол жоспарыңыз өз күшінде ме?
– Болашақта жазатын шығармын, сол кезеңдер әлі күнге дейін көз алдымда ғой. Әр боксшының қалай келгені, тактикасы қалай болды, қалай болу керек еді деген тарихтың бәрі жадымда тұр. «Сол олимпиаданы неге айта бересің» деушілер де бар. Бірақ біз тіріміз ғой, бұл тарих айтылуы тиіс. Әрине, шындықты айтқан адамды көп ешкім жақтыра бермейді. Дегенмен, кейінгі ұрпақ алдыңғы толқын ағаларының спорттағы қиындықтары мен қызықтары, өзіндік әдіс-тәсілдері, ерік-жігері туралы білгені жөн.
– Шәкірттеріңізбен хабарласып тұрасыз ба?
– Иә, қал-жағдайымды біліп, хабарласып тұратындар бар. Қазір бізді ара-тұра журналистер, министрлік 10 жылдық, 20 жылдық деген дөңгелек даталарда ғана еске алады. Ал, былайғы күндері қарапайым халық қана есіне алып, іздеп, сұрап жатады.
– Әлі де Олимпиадаға бару жоспарыңызда ма?
– Әрине, кезінде Олимпиадаға бару деген керемет арман еді ғой. Қазір бапкерлер екі-үш дүркін чемпион шығарып жүр, неге маған шығармасқа? Бірақ, жұмысыңа жүз пайыз беріліп, салаңның жанкүйеріне айналуға тұрмыстық жағдай мүмкіндік бере бермейді. Ол үшін бапкерлердің жағдайы жасалуы тиіс. Қазір кей спортшыларымызға үй, көлік, лауазымды қызмет беріп жатыр, бұл өте дұрыс. Сондай жағдай бапкерлерге де жасалуы қажет қой. Себебі біз де бар уақытымызды, бар күш-жігерімізді осы салаға жұмсаймыз. Бұрын заман басқа болды ма, әлде, біздің патриоттығымыз, спортқа деген жанашырлығымыз күшті болды ма, білмеймін.
– Қазіргі жастар арасында Бекзат сынды құбылысқа айнала алатын боксшы деп кімді атар едіңіз?
– Бокста талантты жастар өте көп, бірінші құрама командада үміт күттіретін тәжірибелі жігіттер жетерлік. Қазір нақты атын атап бере алмаймын. Себебі құрама командадан қазір алыстамын. Бірақ қазақ боксының сапасы қатты көтеріліп кетпесе де, жастардың бұл спортқа деген ынтасы қуантады. Бекзатқа, Головкинге қарап еліктейтін жастар көп. Алдында бір шәкіртімді облыстық жарысқа апарған едім, сонда байқағаным, бұрындары өзіміз атын білмейтін республиканың түкпір-түкпіріндегі ауылдардан жарысқа жастар келіп жатыр.
– Сиднейде әттеген-ай деп өкінген кезіңіз болды ма?
– Өзім әлі күнге дейін Данияр Мұңайтпасовтың жүлдесіз қалғанына өкінемін. Ол финалда жұдырықтасатын жігіт еді. Ширек финалда кездескен украиналық спортшыны Олимпиадаға дейін бірнеше рет жеңген. Сол жолы да өзіне деген сенімділік артып, оңай ұтып аламын деп ойласа керек. Бірақ, Олимпиада осалдар жүретін жер емес қой. Олжас Оразалинов кубалық қарсыласын жеңген соң, өз бабына келіп үлгермеді. Сол жекпе-жекке күшін көп жұмсап жіберді, білем. Оразалинов Ермахан мен Болат секілді күшін реттеп жұмсайтын сәтке әлі келе қоймаған. Өзбек боксшысы Михайловпен шыққанда Олжасты өзім де танымай қалдым. Ал, Нұржан Кәрімжанов тәжірибенің аздығынан ұтылды. Жалпы алғанда, Олимпиадаға барған жеті боксшының жетеуі де жүлдеге лайық жігіттер еді.
– Соңғы кездері өзіңіздің шәкіртіңіз Ермахан Ыбрайымовтың әрекеті мен айтқан сөздері қоғамда қызу талқыланып жүр. Халық оған ренжулі. Олимпиада чемпиондары лауазымды қызметке ие болғаннан кейін, қарапайым халықтан шыққанын ұмытып кетіп жүрген жоқ па?
– Ермаханның әрекетіне қатысты пікір білдіру маған қиын. Олимпиада кезінде сол спортшылар елдің атағын шығарды ғой, қазір олар ешкімге керек емес болып қалды. БАҚ-қа олар жетіскеннен шығып жүр деп ойлайсыз ба? Олардың тарапына айтылып жатқан түрлі сындарды есту ауыр тиеді. Сол 90-шы жылдары «қалай да алтын керек, нәтиже көрсетіңдер» деп жан-жақтан талай қысым көрсетілді, олар сол кезде барын салып, ел үмітін ақтады.
Бір кездері Олимпиада чемпиондарына кез-келген есік ашық деп ойлайтынбыз, қарап тұрсақ олай емес екен. Қазір Олимпиада чемпиондарын саусақпен санауға болады ғой. Мемлекет өз кезегінде спортшылардың жағдайын жарысқа дейін де, жарыстан кейін де жасауы тиіс. Чемпион болу ол өте үлкен ерік-жігерді, ерен еңбекті талап етеді.
Қазір еңбек сіңірген бапкерлерге жалақысына он мың теңге қосады. Оны шәкірттері Азияны ұтқан бапкерлер де алып жатыр.
Жұмаділов, Ермахандар қазір не істеп жүр? Алматы мәслихатының депутаты деген соншалықты үлкен лауазым емес қой. Бір кездері Олимпиада чемпиондарын дайындадым деуге ұяласың, қазір 5-10 мың теңгеге шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Кейде сол 5 мың теңгені де бере алмайтындар бар. Біздің қазақ алтынның қадірін қолда барда білсе ғой дейсің.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан