$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.03.2021, 10:53
Сұхбат

Пандемиядағы саяхат, виза алудағы кеңестер мен Бали аралындағы өмір жайлы

Бір жылдан аса уақыт Индонезияда саяхаттап жүрген Айнарамен сұхбат

Пандемиядағы саяхат, виза алудағы кеңестер мен Бали аралындағы өмір жайлы

Пандемия ең алдымен туризм саласына көп әсерін тигізді. Халықаралық туризм ұйымының (UNWTO) мәліметінше, 2020 жылы 10 айдың ішінде туризм 70% қысқарып, 1990 жылдың деңгейіне жеткен. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, пандемия кезінде елге келушілердің саны 1,8 млн-ға дейін азайған. 2019 жылы Қазақстанға 6,4 млн турист келген, ал 2,4 млн қазақстандық шет елдерге саяхаттаған.

Бүгінгі кейіпкеріміз - шетелге саяхаттауды жақсы көретін Айнара Байгрунова.

Медиа және коммуникация саласының маманы Айнара пандемияға дейін де әлемнің бірнеше еліне саяхаттаған. Ол 2020 жылдың желтоқсанынан бастап Индонезияда өмір сүріп жатыр. Azattyq Rýhy тілшісіне Айнара пандемия кезіндегі туризм, шетелге шығуға қажетті құжаттар, виза мәселесі, Индонезиядағы бизнеске қолдау туралы айтып берді.

САЯХАТ ЖӘНЕ КӘСІБІ ЖАЙЛЫ

- Саяхаттағанды жақсы көремін және менің қызығушылығыма кәсіби ізденісім қосылды. Себебі, медиа және коммуникация саласында жұмыс істеймін. Бұрын ЭКСПО жобасының, Универсиада, мемлекетаралық іс-шаралардың әлеуметтік желідегі журналист редакторы, Vice media және Natgeo басылымдарында жұмыс істедім. Соңғы бірнеше жылда «Nomad Explorers» және «Kazakh tourism» республикалық жобаларында экспедиция продюсері ретінде қызмет еттім. 2019 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігінің және АҚШ Мемлекеттік департаментінің шетелдік баспасөз орталының қолдауымен Central Asian Media Exchange program «АҚШ туризмі және экотуризм» бағдарламасынан өттім. Осы бағдарлама арқасында мен америкалық туризм индустриясының жұмысымен таныстым, сондай-ақ, құжаттар, жыл сайынғы экономикалық есептермен басқаша жұмыс істеп, туризмге экономиканың бір саласы ретінде қарай бастадым.  

Былтыр пиар маманы ретінде Қазақстандағы туризм секторымен, оның ішінде ШҚО және Алматы облысындағы шипажайлармен жұмыс істеу тәжірибесі болды. Өткен жылы орта және шағын бизнестің қандай проблемамен бетпе бет келгенін және пандемиядан кейін мемлекет пен бизнес жұмысында алгоритм механизмдерінің болмауы туралы жетік білемін. Қазір бәрі Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға көмектесетін және кәсіпкерлердің бизнесін құлдырауға ұшырататын бастамалар мен шешімдерді бақылап отыр. Сыртқы туризм туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сол себепті, әлемдік локдаун кезінде туризм экономиканың бір бөлігін құрайтын елдердің тәжірибесін көру пайдалы деп ойлаймын. Мен мағыналы, ұзақ мерзімді саяхатты ұнатамын. Бұрын Әмірлік, Болгария, Түркия сынды елдерге бір-екі апта ғана саяхаттап келетінмін. Жасым ұлғайған сайын кемі 1 айға саяхаттауға тырысамын, 3-4 айға жалғасса тіпті жақсы. Алғашқы осындай тәжірибе АҚШ, Малайзия, Үндістан, Непал, Тайланд елдерінде өтті. Қазір Индонезиядамын.

НЕЛІКТЕН ИНДОНЕЗИЯНЫ ТАҢДАДЫ?

- Мен аллергияға көп шалдығатын адаммын. Локдауннан кейін суыққа, шаң-тозаңға, медициналық қолғап пен антисептикке аллергиялық реакциялар пайда болды. Оның үстіне, мен вегетарианмын және жеміс-жидектердің мол болғанын жақсы көремін. Сол себепті қысқы демалысымды Азияның оңтүстік шығысында өткізу туралы шешім қабылдадым. Қазір аталған тізімге Мексикадағы Тулум қаласын қосар едім.

Таңдау Азиядағы ең дамыған және туристер үшін қауіпсіз Тайланд пен Индонезияға - Ко Панган мен Бали аралдарына түсті.  Желтоқсанда Тайланд үкіметі ұсынған 61 қонақ үйдің бірінде (Бангкокта 15 тәулік) карантинде болу керек болды, ондағы қонақ үйдің бағасы кем дегенде 1100-1300 $ құрайтын. Сол себепті мен Индонезияны таңдап, құны 175 мың теңге тұратын  жеделдетілген электронды бизнес визаға тапсырыс бердім (2 тәулік ішінде алдым). Құжаттар мен төлемді онлайн түрде қабылдады.

Стандартты Single entry business visa 10 жұмыс күні үшінде рәсімделіп, 148 000 теңгені құрады. Визаның бұл түрін 6 айға дейін ұзартып отыруға болады, кейде мұндай визаны беру кезінде рұқсат бермей қалатын жағдайлар болады. Алматыдан Turkish airlines әуе желісімен Стамбұл арқылы Джакартаға дейін ұшып келдім, әрі қарай Джакартадан жергілікті әуе желілерімен Денпасарға дейін (Балидегі арал) жеттім. Жолға шамамен мен 2 тәуліктей уақыт кетті. Миграциялық бақылау кезінде өзіммен кері қайтарға билет, ағылшын тілін білетінгімді растайтын анықтама және ПЦР-тест (ұшардан бір күні бұрын Олимпте тапсырдым), күні бұрын толтырылған медициналық карта, кедендік декларация, ұялы телефон тіркемесінің формасы, отырғызу талоны мен паспортым болдым. Сақтандыруды ковид жағдайында, жолда кездесуі мүмкін төтенше және экстремалды жағдайларды қамтамасыз ететіндей жасадым.

ШЕКАРА МЕН ВИЗАЛЫҚ СТАТУС

- Бұл жаққа желтоқсанның ортасында ұшып келдім. 18 желтоқсанда Индонезияда карантин енгізілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Индонезия шекарасын түгел жауып, 8 ақпанда бір-ақ ашты. Оның өзі барлығына бірдей емес: протокол бойынша тек осы елдің тұрғындары мен KITAS/KITAP келуге рұқсаты бар шетелдіктерге, дипломатиялық визасы бар жолаушыларға, мекемелердің қызметтік визасын иеленгендерге және елдің стратегиялық нысандарында жұмыс істейтін мамандарға.

Сыртқа шығуға арналған визаларға құжат қабылдау уақытша тоқтатылған. Бірақ қазір Индонезияда жүрген шетелдіктер үшін виза рәсімделеді. 

ЛОКДАУНДАҒЫ ТУРИЗМ ЖАҒДАЙЫ, АКЦИЯЛАР МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫСЫ

- Турист ретінде бірінше кезекте мен бос тұрған жағажайлар, мейрамханалар мен қонақ үйлерді көремін. 4-5 жұлдызды қонақ үйлерде тұру бағасы 2-3 есеге арзандаған. Лакшери резорттар, йога орталықтарда 75% жеңілдік қарастырылған. Керемет виллалардың айлық бағасы 3-5 есеге төмендеді. Мысалы, желтоқсан-қаңтар ортасында біз 4 жатын бөлмесі бар вилланы айына 450 мың теңгеге жалдап тұрдық. Әдетте бұл уақытта сұраныс жоғары болып, виллалардың бағасы айына 1,2 млн теңгені құрайды. Пәтерлер тек тәулікке ғана жалға береді, нәтижесінде бағасы қымбаттай түседі.  

Таныстарымның айтуынша, соңғы 15-20 жылда Балиде адам қарасы дәл былай азаймаған. Көркем жерлерде, инста-аймақтарда, танымал кафелерде, клубтарда, тіпті жағажайларда бұрынғыдай адам жоқ, кешке ешкім шуламайды. Мысалы, мен Ломбок аралын (Балиден 100 шақырым, қайықпен 2.5 сағат) мотоскутерде кесіп өттім, 3 күн ішінде тек бірнеше шетелдікті кездестірдім. Оңтүстік жағажайларда жергілікті тұрғындар балаларымен келіп, суретке түсуді сұрады. Мұндай оқиғаларды осыдан он жыл бұрын Үндістандағы кедей провинцияларда көргенмін.

Ломбок Балиге қарағанда аса дамымаған. Сондай-ақ, халқының басым бөлігі мұсылман, толерантты емес және өкінішке қарай, сауаты төмен, ағылшын тілін жетік меңгермеген. Бұл туризмнің дамымауына тікелей әсер етеді.

Қарақшылық, кедейлік мені қатты таңғалдырды. Тіпті, туристері көп Кута ауданында да солай. Әрбір елу метр сайын мешіт салынып жатыр, ал, жол қиылыстарында ер адамдар сол мешіт айналасында қайыр тілеп тұрады. Провинцияларда аштық көп, шетелдік қауымдастықтар жиі гуманитарлық көмек жинайды. Мен кішкентай Гилиэйр аралында төрт апта тұрдым, оның ауданы 1.5-те 15 шақырым, қазіргі халқының саны 300-500 тұрғынды құрайды. Мен осы аралда Ломбок аралының тұрғындарына көмек жиналып жатқанын өз көзіммен көрдім. Ондай комьюнитилерге көбіне аталмыш диджитал номадтар кіреді, яғни, IT мамандар, дизайнерлер, фрилансерлер, арал кәсіпкерлері, мейрамханалар мен қонақ үй иелері. Олар әрдайым жергілікті тұрғындарға көмек беріп отырады.

ОРТА ЖӘНЕ ШАҒЫН БИЗНЕС

- Айтпақшы, индонезиялық билік жергілікті шағын және орта бизнеске қолдауды алты айлық салық төлеуден босату түрінде көрсетті. Қазақстандағы 42 500 теңге секілді бүкіл штаттағы жұмысшылар төрт ай ішінде минималды өтемақы алып тұрды. Бұл жердегі кәсіпкерлердің айтуынша, желтоқсан айындағы туристер толқынына және ақпандағы қытай Жаңа жылына көп үміт артылған. Қазір бәрі наурызда карантиннің аяқталуын күтуде, алайда, ешкім мамырға дейін жағдайдың түзелетініне сенбейді.

Себебі, 250 миллион адамға вакцина егу жөніндегі мәселе өзекті және жақын арада шешіледі дегенге күмәнім бар. Бұл Қазақстан секілді небәрі 19 миллион халқы бар елдерге ғана әсерін тигізетін болар.  

Карантин жағдайында туристік компаниялар мен қонақ үйлер госпиталь және лабораториялармен бірлесе жұмыс істей бастағанын байқадым. Мәселен, меморандум, әртүрлі келісімшарт жасалып жатыр: әр қайық станциясында, вокзалдарда, әуежайларда жылжымалы лабораториялар жұмыс істейді, реагенттердің көлемі алдын-ала тексеріледі. Нәтиженің барлығы біртекті базаға енгізіліп, тест нәтижесі болашақта жалған құжат жасауға мүмкіндік болмас үшін суретке түсіріледі. Мені медициналық карталарға арналған сайттар мен қосымшалар таңғалдырды.

Жылжымалы лаборатаорияларға баса назар аударуымның себебі, бізде де осындай болатыны туралы айтылды, мүмкін, жасаған да болар. Бірақ Алакөл мен Балқашта жағажайлық туристік маусымның ашылуында көптеген туристер аталған тест тапсыру мүмкіндігіне ие болмады. Реагенттер Алматыда да, Нұр-Сұлтанда да болмады. Адамдар кезекті демалысқа шығу үшін ұзын-сонар кезекте тұрды. Көпшілігі жеңілдік үшін алдын ала броньдап қойған нөміріне тест нәтижесіне қарамастан бара алмады, соның салдарынан билеттар қайтарылып, форс-мажорға байланысты броньдар тоқтатылып, қонақ үйлер табысынан айырылды. Оның үстіне көптеген қонақ үйлер жаңа маусымның ашылуына дайындалып, кәсіпкерлер даму мақсатында, санитарлы-эпид шараларға несиелер алып, салмақ орта және шағын бизнеске ауыр салмақ түсті.

ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМІНЕ НЕ ҚАЖЕТ?

- Туризмді бизнес процесс ретінде қарастырылу ұсынылып жатқан кезеңде, әртүрлі жағымсыз сценариге дайын болып, арнайы алгоритм әзірлеп, оларды әкімдік, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе атқару қажет. Әйтпесе, былтырғы жылдай аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайға жауапты санитарлық дәрігерлер өз ережесін орнатып, әкімдіктер тапсырмадан аса алмай, ал, бизнес интернет арқылы жаңалықтар оқып, жабылған дұрыс па, әлде, жаңа талаптарға сай болған жөн бе деген таңдау жасайды.

Қазір туристер үшін қажет басты дұниелер: коронавирустан қорғау, қылмыс деңгейінің аздығы, табиғат, сапалы интернет желісі және инфрақұрылым. Бірақ тізімде айтылған инфрақұрылымның жоқтығы анау айтқандай кемшілік болып есептелмейді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары