$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.12.2020, 00:50
Сұхбат

«6 раундтан аспайды»: спорт сарапшысы Головкин – Шеремета жекпе-жегіне болжам айтты

Бокс кеші Қазақстан уақытымен 19 желтоқсан таңертең өтеді

«6 раундтан аспайды»: спорт сарапшысы Головкин – Шеремета жекпе-жегіне болжам айтты

Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF/IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннің (40-1-1,35КО) поляк Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) жекпе-жекке шығуына санаулы сағаттар қалды. Бұған дейін қос боксшы АҚШ-тың Флорида штатында салмақ өлшеу рәсімінен өткен болатын. Жекпе-жек Seminole Hard Rock Hotel & Casino кешенінде өтеді.

Әлемдік спорт сарапшылары бұған дейін Головкиннің жеңісін болжаған болатын. Чемпиондық атағын 21-ші рет қорғайын деп жатқан жерлесіміздің жеңетініне отандық спорт журналисі Есей Жеңісұлы да сенімді. Жекпе-жек алдында сарапшымен тілдесіп, кездесудің қалай өрбитінін сұрап көрдік.


Суретте: Есей Жеңісұлы

«Головкин үшін бұл жекпе-жек қауіпті деп айтпас едім, өйткені Геннадий қарсыласынан шеберлігі жағынан бір басқа жоғары. Тәжірибесі де көп. Сондықтан жекпе-жек 12 раундқа созылады деп ойламаймын», - дейді Есей Жеңісұлы.

Оның ойынша, кездесу ары кетсе алтыншы раундта нокаутпен аяқталады.

«Головкин атағын 21-рет қорғамақ. Бұл рекорд, сондықтан ол оған қалайда жетуге тырысады. Камил 21 кездесудің тек бесеуін ғана нокаутпен жеңген. Яғни, ол панчер емес. Сондықтан Геннадий оны 5-6 ранудқа апармай-ақ еркін жеңуі тиіс», - деді спорт сарапшысы.

Геннадий Головкин 2019 жылдың қазан айынан кейін әлі рингке шыққан жоқ. Ол осы жолы өзінің төзімділігін тексеріп, сынақ ретінде жекпе-жекті ұзартуы мүмкін. Головкиннің жасы 38-де, ал қарсыласы Шеремета 31-де. Екеуінің бұл кездесуден табатын табысы әлі жарияланған жоқ. Десе де, поляк боксшысы үшін бәс тігіп отырған демеушілер саны аз болғандықтан, оның гонорары ары кетсе жарты миллион доллардан аспауы мүмкін.   

«Поляк боксшысы біздің жерлесімізге лайықты қарсылас бола алмайды. Көп адам Головкиннің қартайғанын, сондықтан оған рингте еркін қимылдау қиын болатынын айтады. Алайда, Гена өзінің өмірін осы жолға арнағандықтан, қарсыласын қалай зерттеуді, оған қарсы қалай дайындалу қажет екенін өте жақсы біледі. Головкин орта салмақта әлі де өзінің мықты екенін қарсыластарына көрсету үшін поляк боксшысын нокаутқа жібереді. Осылайша, ол «Гена қартайды» деген әңгімені жоққа шығаруы тиіс. Тіпті, ол мұнымен мансабын аяқтамайды», - дейді журналист.

Оның айтуынша, әлі бірнеше рет жанкүйерлеріне Big drama show көрсетеді. Ал аталған кездесуден ол шамамен 4 миллион АҚШ доллары пайда табады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары