Жат ағымның жетегінде кетудің себебін балалық шақтан іздеу керек – психолог

Петропавл қаласындағы әйелдер колониясының психолог маманы Гүлжан Сексенбаевамен сұхбат

Жат ағымның жетегінде кетудің себебін балалық шақтан іздеу керек – психолог
Фотоколлаж

Тәкпіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм... Ресми деректер бойынша, елімізде 20 мыңнан астам түрлі деструктивті діни бағыттарды ұстанушы бар. Олардың 800-ден астамы өзге елдердің шекарасын асып, өмірімен қоштасқан. Ал аман қалғандардың дені «Жусан» арнайы операциясының арқасында елімізге қайтарылып, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жүр. Оларды психологиялық тұрғыдан оңалту үшін арнайы мамандар жұмыс істейді. Адасудың себебі неде, деструктивті дін өкілдері дәстүрлі исламға түбегейлі оралып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сіңісіп кете ала ма, олармен қандай жұмыс жүргізіледі? Azattyq Rýhy тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде Петропавл қаласындағы ЕС 164/6 әйелдер колониясының психолог маманы Гүлжан Сексенбаевамен сұхбаттасқан еді.

- Мамандар пікірінше, көбіне психикасы солқылдақ, діннен хабары аз, эмоцияға берілгіш адамдар сектанттардың, діни теріс ағымдар өкілдерінің үгітіне сеніп қалуға бейім. Осы пікірмен келісесіз бе? Жалпы, түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілермен байланыс орнату қаншалықты күрделі процесс?

- Біз терроризм және діни экстремизм үшін сотталған әйелдермен жұмыс істеу барысында бірінші кезекте олардың психологиялық ерекшелігін ескереміз. Әр жазасын өтеушімен жеке жұмыс жүргізіледі. Сириядан оралғандардың санасы қауіпті идеологиямен уланған. Сондықтан оларды сендіру, қандай да бір мәселеге қатысты иландыру қиын. Басқалардан ерекшелігі – санасында ақпараттық блок қалыптасқан. Көкейінде туған-туыстарына, жақындарына деген сенімсіздік ұялаған. Сондықтан кезінде олар отбасынан алыстап, туыстық қарым-қатынасты бұзған. Олардың санасын жаулаушылар өз пиғылдарын жүзеге асыру үшін «Басқаларды тыңдамаңдар, естімеңдер» деп құлағына құйып, миын улайды. Осы кедергіні жоймайынша, қандай да бір жұмыс жүргізу мүмкін емес. Жазасын өтеушілерді оңалту жұмысы – монолог бола алмайды. Міндетті түрде диалог құрылуы шарт. Сол себепті, аталған баптар бойынша сотталғанда түзету мекемесіне келгеннен кейін психолог, теолог мамандар олардың санасы қаншалықты теріс идеологиямен уланғанын, жалған ақпаратпен қаншалықты жауланғанын білу үшін бірге жұмыс атқарады. Олардың жат жолға түсуінің түпкі себебі сан алуан. Бұл өте күрделі сауал. Сондықтан оған дөп басып жауап беру мүмкін емес. Дегенмен өзіңіз жоғарыда айтқан пікірдің жаны бар деуге болады.

- Психолог ретінде Сіз үшін Сириядан келген азаматтармен жұмыс істеудің ерекшелігі қандай? Арнайы дайындалған бағдарламалар бар ма?

- Экстермизм және терроризм үшін сотталған азаматтармен жұмыс істеу барысында қылмыстық атқару жүйесі комитетінің арнайы әдістемелік нұсқамаларын пайдаланамыз. Олардың психологиялық жағдайын, агрессивтік деңгейін, өз-өзіне қол жұмсау ықтималдығын, өз-өзін бағалау, қобалжу, өз өміріне қанағаттанушылығын тағы басқа көрсеткіштерді анықтау мақсатында әртүрлі психо-диагностикалық талдаулар жүргізіледі. Бұл бір күндік шара емес, жүйелі еңбек. Солардың нәтижесіне қарай әрекет етіп, жұмыс бағытын таңдаймыз. Әр адам – жеке тұлға. Сондықтан әрқайсымен түрлі шаралар жүргізіледі.

- Адамдардың діни  теріс ағымдарды қабылдап, отбасын тастап кету, қолына қару алып, соғысқа шығу сынды өзгелер түсіне бермейтін әрекеттерге баруының себебі неде деп ойлайсыз?

- Оның себебіне үңілер болсақ – сан алуан болуы мүмкін. Біріншіден, қиын өмірлік тәжірибе. Екіншіден, психологиялық проблемалар. Үшіншіден, діни сауатсыздық. Балалық шақта алынған психологиялық жарақаттар да адамды осындай қадамдарға баруға итермелеп, соған себепші болуы мүмкін. Олардың көпшілігіне ата-ана махаббатының жетіспеушілігі, жалғыздық, басқалардың теріс көзқарасы, түсінбеушілік, отбасындағы қайғы-қасірет пен дағдарыс итермелейді. Жақындарының қайтыс болуы, ата-ананың ажырасуы, қаржылық қиындықтарды да осы тізімге қосып қоюға болады. Бір сөзбен айтсақ, себептер толып жатыр. Ол өткен күннің еншісінде қалған дүние.

- Мұндай адамдардың психикасы біржола оңалып, қоғамның толыққынды мүшесі ретінде қалыпты өмірге бейімделіп кете ала ма?

- Олай деп жүз пайыз сенімділікпен айту қиын. Дегенмен, психологиялық, теологиялық, діни сауаттылықты адам бойына қалыптастыруға болады. Адасушы өз қателіктерін түсініп, өзіне-өзі дұрыс бағыт-бағдар бере алатын болса, қалыпты өмірге бейімделіп кете алады. Ол үшін сотталғандар туған-туысқандарымен, бала-шағасымен жаңа қарым-қатынас орнатуы шарт. Ең бастысы – өмірде өз мақсатын айқындап, соған ұмтылу, алға басу керек. Сонда ғана олар өткен өмірінен арылып, болашаққа қадам жасай алады. Қоғамға бейімделу – әр адамның өзіне, өзгелерге деген қарым-қатынасына байланысты.

- Адамның санасын жаулап, жат ағымдырды үгіттеушілер қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланады? Олардың құрығына түсіп қалмау үшін жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

- Менің ойымша мұндай іспен өз-өзіне аса сенімді, ақылды адамдар айналысады. Әдетте ондай адамдар мықты психолог болады. Сол мамандықты оқу міндетті емес. Адамды өзіне бағындырудың, оның санасына әсер етіп, басқара білудің тетіктерін өздігінен меңгеретіндер бар. Себебі қандай адаммен қалай қарым-қатынас жасау керектігін жақсы біледі. Өзіне иландыру үшін жақсы жарнама жасайды. Әйел азаматтарды алар болсақ, қиындық көрген, тұрмысқа шықпаған, ажырасқандарды өз  «олжасына» айналдырады. «Шейхқа тұрмысқа шығасың, молшылықта өмір сүресің» деп әдемі өмір жайлы уәделермен сендіреді. Адамды иланыруға болатын жағдайды күтеді. Оларды сүйіспеншілік пен қамқорлыққа бөлеген болып, баурайды. Олардың арбауына түсіп қалмау үшін адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Ол жеке тұлғаға байланысты. Басына түскен Қиыншылықпен өзі күресе алатын адамдар мұндай жағдайға ұшырамайды. Бір көрген, аз білетін адамдарға бірден сенуге болмайды.

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.