$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2020, 10:18
Сұхбат

Шын талант барлық саланы игеріп кете алады – Мөлдір Бақытжанқызы

Мәжіліс депутаттығына үміткер опера әншісімен сұхбат

Шын талант барлық саланы игеріп кете алады – Мөлдір Бақытжанқызы
Мөлдір Бақытжанқызы

9 жасынан бастап вокалмен кәсіби түрде айналысып, кейіннен түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген опера әншісі Мөлдір Бақытжанқызы – «Nur Otan» партиясы атынан алда болатын Мәжіліс сайлауына Түркістан облысы атынан ұсынылған үміткер.

26 жастағы Мөлдір партияшілік праймеризге қатысқан кезде кейбірі «Өнер адамдары саясатқа араласпай, әнін айтып жүре бермей ме?» деп сынап жатты. Қазір сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып жүрген үміткер Azattyq Rýhy тілшісіне өзіне қатысты айтылған сындар, партия жүргізгелі отырған реформалар мен кәсібилік жайында ой бөлісті.

9 жасынан бастап үлкен сахнада өнер көрсеткен

- Мен Түркістан облысына қарасты Шардара қаласында қарапайым мұғалімдердің отбасында дүниеге келдім. 9 жасымнан бастап үлкен сахналарда өнер көрсетіп, вокалмен кәсіби түрде айналыстым. Конкурстарға, концерттер мен гастрольдерге қатыса жүріп, Қ.Спатаев атындағы мектеп-лицейді «экстернат» болып «өте жақсы» деген бағамен жедел аяқтадым. Аңызға айналған «Ла Скала» театрында өнер көрсетуді армандап жүріп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «опералық әнші және оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Операдан бөлек, өнердің басқа бағыттарында – поп, рэп, джаз жанрларына да қызығушылық танытып, өздігімнен тәжірибе жинақтадым. Одан бөлек, Орындаушылардың әлемдік чемпионаты (В WCOPA Worlb championship.L.A, USA) Гран-при, «Әлемнің ұлы чемпионы» титулы мен бес алтын медаль, Америка, Голливуд-2006 жыл, 2003 жылы халықаралық «Берлин маржандары» байқауында, 2005 жылы Ресейдегі «Өз жұлдызыңды өзің жарқырат» академиялық вокалында, 2017 жылы халықаралық орындаушылардың «Пираговские рассветы» эстрадалық орындаушылардың вокалдық ән байқауы, 2018 жылы Чехияда халықаралық эстрадалық орындаушыларының «Созвездие добра» ән байқауларының барлығында 1 орынды иелендім.

Өнер және саясат

- Өзіме және мен сияқты жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, өз қабілетімді, пайым-парасатымды, дүние танымымды, өзгелермен пікір-сайыстыру арқылы сыналуым үшін тамыз айында басталған «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатысқан едім. Бұл сайыстың оңай болмайтынын басынан ақ түсініп, елдің жағдайын өзімше зерттеп, олардың шешілу жолын қарастыру үшін ауылдарды аралап, көптеген озық ойлы апа-ағаларымның пікірін тыңдап, сараптадым. Мақсат қойдым, бағдарламамды жасадым. Аудан белсенділерімен ашық дебаттарға қатысып, бақ сынастым. Облыстық деңгейдегі дебатқа жолдама алып, мұнда да партияластарымның тарапынан біршама басым дауысқа ие болдым. Әрине, мұндай мүмкіндік маған оңай келген жоқ. Осы тұста мен жайлы, менің сахналық образым жайлы, өнер саласының маманы екенімді тілге тиек етіп, сын айтқан болып, праймеризге түсіп жатқанымды «дұрыс емес» деп желіге жария етіп жатқан адамдар да болды, олар әлі де бар. Артынан ол пікірді қостайтын оқырмандар мен «фейктер» армиясы да табылыпты. Сондағы мақсаты не екені мен үшін түсініксіз дүние болып қалды.

Адамның нәсіліне, ұлтына, жасына, жынысына, мамандығына, жеке таңдауына, кәсібіне, киіміне (сахналық), келбетіне тіл тигізуге заң тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да ешкімнің құқығы жоқ екенін заңгер түгілі, қарапайым халық та біледі. Пікірлерді оқып отырып, мәдениетсіз адамдардың топталғанын, өнер саласын «жеңіл сала» деп қарайтын, әнші дегеннің қолынан ән айтудан басқа ештеңе де келмейді деп ойлайтын жандардың бар екенін байқадым.

Той әндері мен кәсібилік туралы

- Өнерде кәсіби маман болу көпшілік жеңіл-желпі қарай салатындай оңай дүние емес. Жақсы әнші, композитор, дирижер, аспаптарда ойнайтын музыкант (пианист, скрипач, қобызшы, домбырашы, шекті аспаптарда, үрмелі аспаптарда ойнаушылар) режиссер, сценарист, актер, биші, ақын-жазушы, жырау сынды өнер түрлерін игеру үшін ең алдымен, Алланың берген таланты болуы керек, содан кейін мықты күш-жігер, талмай еңбек ету қажет. Спортшылар сынды өмір бойы күніне кемінде 4-5 сағат жаттығып отыруың шарт. Себебі халыққа жаңа, сапалы дүниелер ұсыну ұзақ дайындықты қажет етеді. Өнерде үлкен жетістікке жететіндердің басым бөлігі 6-7-жастан таңдалып алынатындар. Осының барлығын тынбай жасап жүргеніңде, халықтың ықыласына бөлене алмау, мардымсыз ақы алу - кәсіби өнер адамы үшін жеңіл емес. Шын өнер екінің біріне бұйыра бермейтін «бақ» (мен той әншілері жайлы айтып отырған жоқпын). Екінің бірі композитор, дирижер, режиссер, актер, әнші, жырау, музыкант, ақын, жазушы, биші, балет бишісі болып кете алмайды.

Ал шынайы, талантты өнер адамдары үйренуге болатын, барлық басқа салаларды қажет деп тапса, игеріп кете алады. Мысалы, Американың президенті Дональд Трамп шоумен, актер әрі, тележүргізуші, Калифорнияның 38-ші губернаторы Арнольд Шварценеггер актер әрі продюсер, Украинаның президенті В.А Зеленский актер, комик, әнші, шоумен, кинорежиссер болған. Өз тарихымызға үңілсек, әл-Фараби бабамыздың өзі көптеген музыка аспаптарында ойнаған, әмбебап, шебер орындаушы әрі әнші болғанын барша адам біледі. Абай атамыз бен Сәкен Сейфуллиндей арыстарымыз да ақын әрі әнші, композиторлар болған. Елбасымыз ше? Әнді домбырамен шебер орындайтын, бінеше әннің, сөздің авторы, Бауыржан Байбек те музыка саласының маманы, кешегі желтоқсаншы Ләззат Асанова да фортепианода ойнаған. Келтіре берсек, мысал жеткілікті. Адамға жалпы баға берерде, оның тұлғалық қасиетіне дұрыстап назар аудару керек. Кәсібіне баға берерде де жетістіктеріне қарау керек деп ойлаймын. Кез келген адамның таңдаған мамандығына құрметпен қарауды үйренейік.

- Партия еліміздің қай саласында реформалар жүргізбекші?

- Біріншіден, Елбасы, «Nur Otan»  партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевқа, Президентіміз Қ.К.Тоқаевқа, партиялас серіктестеріме, елімізді дамыту ісіне жаңа серпін беруге бағытталған мақсатымызға сенім білдіргені үшін баршасына шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Екіншіден, еліміздің Тәуелсіздігі, ең басты құндылығымыз болса, соны сақтап қалу, одан әрі нығайту, саяси тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын тұрақты түрде дамыту, саяси өміріміздің басты бағыты болып қала бермек. Әр қала, аудан, облыс ерекшеліктерін екшеп, елеп, ескеріп жасалған сайлауалды бағдарламаларда осылар айқын көрініс тапқан. Бес жылда партия көмегіне 1,2 млн тұрғын жүгініп, оның 92%-ы оң шешімін тапқан. Ал Түркістан облысы бойынша биыл 10 айда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 26,4 мың адам тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 4 есеге артқан.

10 мың өтінішке заң аясында жауап беріліп, 111 өтініш бүгінде қаралу үстінде. Партия уәде еткендей,  жүйелі жаңғыртуды жүзеге асыруда. Праймериздің партияішілік іріктеу кезеңдеріне қойылған қатаң талаптардың нәтижесінде, саясат алаңына мықтылығымен көзге түскен жаңа тұлғалар қосылды. Алдағы Парламент сайлауы, биліктің өкілді органдарының рөлін ортақ бір мақсатқа жұмылдырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды қажет ететіндігімен ерекшеленгелі тұр. «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының іс жүзінде іске асуына үлкен серпін бермек.

Шешімін күткен мәселелер де аз емес. Атап айтатын болсақ, аграрлық, өндірістік, ғылыми, рухани-мәдени және білім салаларын реформалау ісі күтіп тұр. Тарихымыздың қай кезеңін алсақ та, қаншама талдау жасасақ та, мемлекет ісіндегі билердің шешімдері тығырықтан жол тауып шығуға септігін тигізген. Сондықтан да, мемлекеттік қызметтерге заң шығарып, ұсынып, ақыл-кеңесін беретін, халық қалаулыларының рөлі өлшеусіз мол. Жаңадан сайланып, жасақталатын Мәжіліс депутаттарының құрамына партияішілік іріктеуден өткен, түрлі салалар бойынша көзге түсіп жүрген, білімді жастардың да қатысып, бақ сынай алатынын қуанышпен атап өткім келеді. Болашақ жастардың қолында екенін бір сәтке де жадымыздан шығаруға болмайды.

Серіктес жаңалықтары