Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдарын Ішкі істер министрлігі тексеруге дайын
Бұл туралы бүгін Санжар Әділов мәлім етті

Ішкі істер министрлігі «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойынның билетін алып-сатты деген күдік бойынша эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдарын тексеруге дайын. Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл ақпаратты сіздерден естіп отырмын. Бірақ біз тексеруге дайынбыз. Ол үшін бізге қандай да бір адам ресми түрде арыз жазуы керек, сол кезде біз тәртіп бойынша міндетті түрде тексереміз», – деді Әділов.
Айта кетейік, екі әншінің ересек ұлдары футбол билеттерін 350 мыңнан бастап 600 мың теңге аралығында сатқан деген ақпарат бар. Ал шын мәнінде ол билеттердің бағасы 35 мыңнан басталған еді. Бірақ, Олжас Еспанов бұл посттарды пранк үшін жазғанын айтса, Майғазиевтің баласы «досымның жарнамасын жасадым» дейді.