Бурабайда демалғысы келетін туристерді жасөспірім алдап соқты
Ол интернеттегі үйлердің суретін сатқан

Бурабайда кәмелетке толмаған бала жоқ үйлерді жалға беріп, алаяқтықпен ақша тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
17 жастағы жасөспірім Бурабайда демалығысы келетіндерге арнап үйді жалға беру туралы интернетке хабарландыру берген. Оған хабарласқан адамдардан алдын-ала ақы алған соң байланыссыз кеткен.
Мәселен, бір жәбірленуші демалыс үйін «броньдау» үшін 60 мың теңге аударып жіберген. Жігіт ақшаны алып алған зым-зия болған. Қостанай облысы полициясы күдіктіні тауып, интернет-алаяқтық фактісі бойынша іс қозғады.
«Жедел іс-шара барысында тәртіп сақшылары жалған хабарландыру жарияланған телефонды тәркіледі. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ полиция күдіктінің басқа да осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр», - делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тұрғын үйді жалға аларда ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп, алдын ала ақша аударуға асықпауға шақырды. Сонымен қатар заңды күшке ие жазбаша келісімшарт жасаған қауіпсіз болады.