Елордада үш ауысымды мектепке сыймай отырған оқушылардың аналары Президенттен көмек сұрайды
Олар Инклюзивті саябақ пен Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салып беруді өтінеді

Астаналық көп балалы аналар Сығанақ пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы мектепте оқушылар үш ауысымда оқып отырғанын айтып, Президентке ашық хат жазды. Хат мәтіні Facebook желісінде тарады, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
«Біздің балаларымыз баратын №59 лицей үш ауысымда жұмыс істейді және бір сыныпта 40 оқушы қысылып отырады. Мұндай жағдайдағы білім сапасы, оқушы денсаулығының қауіпсіздігі туралы сөз айтпай-ақ қойса да болады. Ерекеше балаларды тәрбиелеп отырған отбасының көріп жүрген қиындық, азаптарын сөзбен жеткізу мүмкін емес», - дейді олар.
Олардың сөзінше, осы шетін мәселені шешудің орнына қала әкімі Алтай Көлгінов Қабанбай батыр мен Сығанақ көшелерінің қиылысында 2 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап жатыр.
«Бұл тұрғын үй кешені салынса, ауладағы үш ауысымдағы жалғыз мектепке, онсыз да аз балабақшаларға артық салмақ түсіріп, экологияны бүлдіріп, жол көлік апаттарын көбейтіп, көлік кептелісін арттырып, балалар мен егде жастағы азаматтардың жүріп тұруына алақандай жер де қалдырмайды», - делінген хатта.
Арызданушылар жер телімін мемлекет қажеттілігіне алса, 1.7 млрд теңге қажет екенін жазады.
«Егер осы жерді балалардың дамуына пайдалансақ, бұл шығын айтарлықтай көп те қаржы емес. Есесіне, мемлекеттің болашағына қаншама пайда келер еді.Құрметті Президент, биыл Елбасының 80-жылдық мерейтойы. Осыған орай, көпбалалы ата-аналар сол жағалаудағы Сығанақ пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы, Нұр-Астана мешітінің қасындағы осы аймақта бос тұрған ең соңғы алаңқайға – Инклюзивті саябақ пен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Оқушылар сарайын салып беруіңізді өтінеміз»,- делінген хатта.