Ақмола облысында қызды құтқармақ болған жігіт суға батып кетті
Қайғылы жағдай кеше таңғы бестер шамасында болған
Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде Оразақ ауылында 29 жастағы ер адам көлге батып бара жатқан қызды құтқарамын деп өзі жан тәсілім етті, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жастар Нұр-Сұлтан қаласынан Оразақ ауылына қыдырып келген.
«Бізге Оразақ ауылынын жанындағы Нұра өзенінің жағасында ер адамның батып кеткені туралы телефон хабарламасы түсті. Оқиға орнына төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкері жіберілді. Іздеу жұмыстарына «Нұр Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің күш құрылымдары да шақыртылды. Елордадан қыдыруға шыққан тоғыз адам кешкі сегіздер шамасында Нұра өзеніне суға шомылуға барғаны анықталды. Таңғы бестер шамасында қыздардың бірі жарқабақтан өзенге құлап кеткен. Демалысқа бірге келген екі жігіт құтқару үшін суға секірген. Қызды құтқарып алғанымен, суға секірген 29 жастағы жігіт суға батып кеткен, - деді Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Манарбек Шапағатов.
Айта кетейік, қайғылы жағдай болған су қоймасы суға түсуге арналмаған. Ол жерде тыйым салынған белгі де қойылған.
Естеріңізге сала кетсек облыс су қоймаларында жыл басынан бері жеті адам суға кетті. 20 адам құтқарылды.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы