«80 млн теңге жібер, әйтпесе мектебіңді жарамын»: Атырауда мұғалімді қорқытқан күдікті әлі табылмай жатыр
Атырау облысының полициясы қылмыстық іс қозғады
![«80 млн теңге жібер, әйтпесе мектебіңді жарамын»: Атырауда мұғалімді қорқытқан күдікті әлі табылмай жатыр](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/07/67a593f7da0b8009250303.jpeg)
Кеше әлеуметтік желіде Атыраудағы тарих пәнінің мұғаліміне қатысты қорқынышты ақпарат тараған болатын: әлдекім мұғалімнің нөміріне «80 млн теңге жібер, әйтпесе, сағат 14.00-де мектепті жарамын» деген хат жіберген. Мұғалім бірден полицияға хабарласты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бүгін Атырау облысының полициясы осы мәселеге қатысты ресми комментарий берген. Қылмыстық іс қозғалған, алайда, күдікті әлі табылған жоқ.
«6 ақпан күні Атырау қаласындағы мұғалімге келген жарылғыш зат туралы ақпаратқа сәйкес, құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Күдік тудыратын заттар анықталған жоқ. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.