$ 525.11  546.74  4.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Соцблок» атты WhatsApp чаттан смс келген - Семейдің шыршасынан құлаған ұстазға қатысты тың ақпарат белгілі болды

Бұған дейін, Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мұғалімдер «волонтер ретінде жұмысқа тартылды» деген ақпарат берген еді

«Соцблок» атты WhatsApp чаттан смс келген - Семейдің шыршасынан құлаған ұстазға қатысты тың ақпарат белгілі болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Семейде шырша безендіремін деп жүріп құлап, басын жарған мұғалім Қуат Айтқалиевке «Соцблок» деген WhatsApp тобынан бұйрық келген. Редакция сауалына жауап берген Семей қаласының білім бөлімі бұйрықты кімнің бергенін жасырып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2024 жылғы 20 желтоқсанда сағат 18.48 минутта WhatsApp мессенджері бойынша «Соцблок» чат-тобына 21 желтоқсанда таңғы сағат 9.00-де қаланың орталық алаңында шыршаға безендіру жұмыстарын жасау үшін ер адамдардан келуді сұрайтыны туралы хабарлама келіп түсті», - делінген жауапта.

Бұған дейін, Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мұғалімдер «волонтер ретінде жұмысқа тартылды» деген ақпарат берген еді. Сонымен бірге, шырша сатып алуға және жеткізуге 25 млн теңге бөлінгенін, алайда шыршаны құруға, безендіруге қаржы бөлінбегенін атап өтті.

Абай облысы Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік мекемесінің «Семей қаласының мәдениет сарайы» мен «Чечулина Ксенья Валерьевна» ЖК арасында шырша сатып алу туралы шарт жасалған. Жеке кәсіпкерден 25 млн теңгеге 1 шырша, 300 жарықдиодты гирлянда, 1706 және 520 дана шыршаға әшекей сатып алынған. Семей қаласының мәдениет сарайы тауарды қабылдап алып, шарт бойынша ақысын төлеген, бірақ шыршаны орнату мен безендіру жұмыстарын міндетіне алмаған.

Ал шыршаны сәндеймін деп жүріп ауруханаға түскен Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызының сөзіне сенсек, жолдасына шырша құруға қалалық білім бөлімі, білім бөліміне қаланың әкімдігі тапсырма берген.

Еске салайық, таяуда Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Оны ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне жатқызған болатын.

Оқиғадан кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеріс бастап, нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылып, қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды. Көп уақыт өтпей Семей қаласының бұрынғы әкімі Нұрбол Нұрсағатов қызметінен кетті

25 желтоқсанда денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева науқастың есін жиып, палатаға ауысқанын мәлімдеді.

Сол күні Парламент Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, зардап шеккен мұғалімге толық медициналық көмек көрсетуді және заңды өтемақы төлеуді, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тануды және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындауды қарастыруды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Семей #мұғалім