Семейдегі оқиға: білім бөлімінің басшысы жұмысынан қуылды
Мұғалімдердің заңсыз жұмысқа тартылуы тексерілді
Облыстық білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев қызметтік тексерістің нәтижелері жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сенбі күні сағат 15:00-де облыс әкімінің төрағалығымен Семей қаласындағы қайғылы жағдайға байланысты жедел жұмыс кеңесі өтті. Кеңес барысында Білім басқармасына қызметтік тексеріс жүргізу, ал Денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен мұғалімді тәулік бойы бақылауға алу тапсырылды. Қызметтік тексеріс нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің мұғалімдері жаңажылдық шыршаны безендіру жұмысына заңсыз тартылғаны анықталды. Олардың арасында №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев жарақат алған», - деді Ахметқалиев.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» заңына қайшы келеді, себебі педагогтерді өздерінің тікелей міндеттерінен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынған.
«Қазіргі уақытта зардап шеккен мұғалімге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұл мәселе облыс басшылығының ерекше бақылауында. Қызметтік тексеріс нәтижелері бойынша Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылды. Қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды. Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу мақсатында білім беру ұйымдарына заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма беріліп, бақылау күшейтіледі», - деді ол.
Еске салсақ, Семейде жаңажылдық шыршаны безендіріп жүрген мұғалімнің жарақат алғанын хабарлағанбыз. Қазір мұғалім Қуат Айтқали жансақтау бөлімінде жатыр. Оның миына қан құйылып, бас сүйегі сынған.