Адвокат Айман Омарованың көлігі өртенуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды
Заңгер болған жайтты өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып отыр
Алматы полициясы танымал адвокаттың көлігінің өртенуіне қатысты тергеу ісін бастады. Құқық қорғау органдары өрттің тұтану себептерін анықтамақ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Еске салайық, 18 мамырда заңгер Айман Омарова көлігінің жүріп келе жатқан сәтінде өртенгенін Facebbok әлеуметтік желісінде жазған болатын. Өрт сөндірушілер жедел жеткенімен, көлік түгелдей дерлік жанып кеткен. Адвокаттың өзі болса мұны кездейсоқ болған жайт емес дейді, яғни, өзінің кәсіби қызметімен тікелей байланыстырып отыр.
«Бұл факт ҚР ҚК 202-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қылмыстық іс бойынша процесс Медеу ауданының полиция басқармасымен аумақтық бөлінісі бойынша жүргізілуде. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды, оның нәтижесіне қарай көліктің өртену себептері мен жағдайлары анықталады», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Оқиға кеше кешкі уақытта әл-Фараби мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған. Өрттен ешкім зардап шекпегенмен, қорғаушының құжаттары мен заттары өртеніп кеткен.