Таразда планшетке таласқан бала қарындасының басын жарып өлтірді

Күдікті дереу қамауға алынып, тергеу басталды

Таразда планшетке таласқан бала қарындасының басын жарып өлтірді

Таразда туған қарындасын өлтірді деген күдікпен 15 жастағы бала ұсталды, деп хабарлайды КТК телеарансы.

Жасөспірімнің бұл әрекетіне қыздың гаджетті бермей қойғаны себеп болған көрінеді. Сұмдық оқиға қаланың шеткі ауданында болды. Қанды қылмыс түнгі 12 шамасында болыпты. Ауылдастардың айтуынша, ағасы мен қарындасы арасындағы планшетке талас күндіз басталған. Тіпті осы даудан кейін 10 жастағы қыз көршінің үйіне қашып келген.

«Қызды үйден шығарып жіберген. Келіп біздің талдың астына жатты. Қатты жауын жауып тұрды. Үстіне жабатын көрпеше алып жатты. Менің қолшатырымды алды. Сындырып қоя ма деп, қайтарып алдым. Сосын үйіне кеткен»- дейді көршісі Шынар Мырзахметова.

Үйіне қайта оралған жеткіншекті өзінің туған ағасы тәтті ұйқыда жатқан жерінен балғамен ұрып өлтірген дейді көршілері. Ал денесін далаға сүйреп шығарып тастап, өзі түк болмағандей көппен бірге бауырын іздеген көрінеді. 4-сынып оқушысының өлі денесі көрші үйдің маңындағы бағананың түбінен табылған. Оны ең алғаш ауылдастың бірі анықтап, дереу жедел жәрдем шақыртыпты. Сол куәгердің айтуынша, марқұмның басына қатты соққы тиген болуы мүмкін. Әрі ол жойқын болса керек. Себебі, оның бас сүйегі жарылып кеткен.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99- бабы 3-тармағы (жас баланы өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, Тараз қаласының тергеу изоляторына қамалды. 15 жастағы бала қарындасын өлтірді дегенге көршілерінің көбі сенбейді. Ол тумысынан момын, жуас еді деп отыр. Ал қаза тапқан 10 жастағы қыз төрт  жылдан бері каратэмен шұғылданған екен. Айта кететін жағдай,  бір перзентінен айрылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.