БҚО-да әйелін өлімші етіп сабаған полицей жұмыстан қуылды
Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығынан кейін полицейдің ісі тәртіптік комиссияда қаралып, қызметінен кетті

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкері Хайдар Жексенов ішкі істер органдарынан қуылды, деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Бұған дейін ол әйелін ұрып-соқты деп айыпталған болатын.
Әйелінің алғашқы шағымынан кейін Х.Жексеновке басшылары тек ескерту берумен шектелген. Ал, бірер күн бұрын әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығынан кейін полицейдің ісі тәртіптік комиссияда қаралып, ол ақыры қызметінен кетті.
«Полиция қызметкері атына кір келтіргені үшін капитан Хайдар Жексенов ішкі істер органы қатарынан шығарылды. Қазіргі таңда Ә.Алканованың арызы бойынша оның үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген облыстық Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Еске салайық, әйелін өлімші етіп сабаған полицейдің оқиғасы туралы «Не молчи» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін ғана ол қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар шара қолданды.